Мәжіліс депутаты Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде Шымкенттегі төтенше жағдайлар саласымен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының өкілі Олжас Құспеков Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметімен танысты.

Сапар аясында халық қалаулысы өрт қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, материалдық-техникалық базаны жаңғыртудың маңыздылығына назар аударды. Ол қала халқының қарқынды өсіп келе жатқанын және өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, өрт сөндіру бөлімдерінің жабдықталуы мен жеке құрамның киім сапасы бірінші кезекте тұруы тиіс екенін атап өтті.

Бүгінде Шымкент қаласында 10 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді, алайда норматив бойынша бұл көрсеткіш 22 бөлімге жетуі қажет. Осыған байланысты биыл жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 5 өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталады.

Сонымен қатар, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде депутат Олжас Құспеков сапар барысында азаматтармен және жол саласы өкілдерімен жеке қабылдау өткізді.

Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Динара Наумова да жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келіп, әлеуметтік саладағы бірқатар маңызды нысандардың қызметімен танысты. Сапар барысында депутат өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды толғандырып отырған өзекті мәселелерді тыңдады.

Іссапар аясында халық қалаулысы ең алдымен Шымкент қаласындағы №78 әйелдер түзету мекемесіне барып, жазасын өтеуші әйел азаматтардың әлеуметтік жағдайымен және қайта әлеуметтендіру шараларының жүзеге асырылу барысымен танысты. Депутат сотталған әйелдерді еңбекпен қамту, психологиялық қолдау көрсету және оларды қоғамға бейімдеу мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, заңнамалық және әлеуметтік қолдаулардың тиімділігіне қатысты мекеме қызметкерлерінің пікірлерін тыңдады.

Сапар аясындағы келесі нысан – ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту қызметтерін көрсететін «Өркен» қайырымдылық қоры. Орталықтың материалдық-техникалық базасы, қызмет көрсету сапасы мен лицензиялау талаптарының орындалу барысы бойынша мәліметтер қаралды. Депутат оңалту орталығының негізін қалаушыларымен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, олардың саладағы проблемалық мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You