
«Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өткен жылы жаңадан 3177 бейнебақылау камералары орнатылып, қала аумағын шолу 3 есеге артты. Биылда қосымша 1000 бейнебақылау камералары орнату көзделген», — деді М.Әйтенов брифинг барысында. Сонымен бірге, халық тығыз орналасқан шағын аудандарда заманауи 9 мобильді полиция бекетін орнату жоспарлануда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 5 айда жалпы қылмыстардың саны 19,4 пайызға азайған. Айта кетейік, қаладағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 100 көше қиылысы және 200 желілік учаскеде 1677 «Сергек» ақпараттық комплекс жүйесі камераларымен қамтылды. Ал, қоғамдық қауіпсіздік аясында 1500 бейнебақылау камерасы орнатылып қаланы шолу 3 есеге көбейді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының 29 жанданған көше қиылысында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған. Әр көше қиылысында күн сайын таңертеңгі, түскі және кешкі уақытта, яғни жолдарда көлік ағымы көп болған кезде, Патрульдік полиция полкінің екі қызметкері кезекшілік етеді. Осылайша полицейлер көлік кептелістерінің уақтылы алдын алуда, сонымен қатар қала жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының саны біршама азайды. Былтырғы жылдың деректеріне көз салсақ, шалғайда орналасқан 40 елдімекеннің орталық көшелері мен әлеуметтік нысандарға баратын жолдары жарықтандыруды қажет ететін. 25 мектептің дәретханалары сыртта орналасқан. Осы орайда:
➢ 2021-2023 жылдары онлайн-режимде жұмыс жасайтын 2000 бейнебақылау камерасы іске қосу;
➢ 2020 жылы 133 мектепте ішкі бейнебақылау камераларын орнату;
➢ Жол қозғалысын реттейтін – 1000, қоғамдық қауіпсіздікті бақылайтын 500 камера орнату;
➢ 2020-2021 жылдары 25 мектептің дәретханалары мектеп ғимаратының ішіне орналастыру;
➢ 2020-2021 жылдары қаладағы 4 аудандық полиция басқармасының жанынан «Бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистер ашу жоспарланған. Сондай-ақ, қаладағы барлық көшелер мен аулалар жарықтандырылып, бейнебақылау камералары орнатылады.