
Биыл қалада 5 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қалада қосымша ғимаратты талап ететін мектептер де жоқ емес. Соның бірі — №72 жалпы орта мектебі. С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектептің сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Білім мекемесінде 3 556 бала оқу жылын аяқтады. Оқушы саны шамадан тыс көп болғандықтан қосымша ғимарат қажеттігі туындаған.
Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №72 мектептің қосымша ғимарат құрылысын көрді. Жаңадан салынып жатқан оқу корпусының сыйымдылығы 375 орын. Екі ауысымда 700 жүзден аса оқушы білім алуға болады. Қолданысқа берілген нысанда балалардың білім алуымен бірге 27 жаңа жұмыс орны ашылады.
Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 1350,74 шаршы метр. Құрылыс жұмысы осы жылдың наурыз ауында басталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылдың тамызына жоспарланып отыр.
Оқу жылы аяқталып, жөндеуден өтіп жатқан тағы бір білім ошағы — №11 мектеп. Білім мекемесі 1991 жылы пайдалануға беріліпті. Мектептің су құбырлары, жылыту және электр жүйелерін жаңарту уақыты келген. Жауынды күндері ескірген шатырдан су өте бастаған. Іргетасының қаланғанына 30 жылдан астам уақыт болған мектеп жөндеуден кейін жаңа кейіпке енбек. Осы орайда, шаһар басшысы осы мектепте де жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрді.
Екі қабатты ғимараттың есік, терезе және едендері жаңасына ауыстырылып, жылу жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Желдету, су құбырлары, кәріз, электр жабдықтары, өрт дабылын орнату жұмысы атқарылады.
Жұмыстар осы жылдың сәуірінде басталған болса, қазір 45 пайызы орындалған. Жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Аралау барысында, әкім мердірег мекемелерге құрылыстың сапалы, әрі уақытылы аяқталуы керек екенін шегелеп тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат