
Мемлекет басшысы аталған стратегиялық маңызды міндетті жүзеге асыру ісінде Американың энергетика саласындағы компаниялары басты рөл атқаратынына назар аударды.
Сонымен қатар Президент геологиялық барлау әрі іске асырылып жатқан жобалардың аясын кеңейту, әсіресе, уран өндіру және оны өңдеу саласында жаңа мүмкіндіктерді зерделеу қажет екенін атап өтті.
Қазақстан әлемдік уран нарығындағы сұраныстың шамамен 40 пайызын өтейді. Ал АҚШ осы материалдың орта есеппен 24 пайызға жуығын біздің елден импорттайды.
– АҚШ-тың энергетика саласындағы басымдықтарына сәйкес, біз көмірге негізделген таза, тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз энергетикалық шешімдерді ұсынамыз. Қазақстанда қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады. Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі ретінде қарастырамыз, тым болмағанда таяу келешекте одан бас тартпаймыз. Еліміздің энергетикалық стратегиясы төрт компонентке: мұнай, газ, көмір және уранға негізделген. Біз осы қағидатты берік ұстанамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент маңызды шикізат материалдарын игеруді басым бағыт ретінде қарастыратынын жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстанда мыс пен вольфрам, қорғасын мен мырыш, литий мен графит және жоғары технологияға аса қажетті басқа да пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін еске салды.
– Біз тау-кен саласында еңбек ететін инвесторлар үшін ашық әрі мазмұнды заңнамаға негізделген қолайлы юрисдикция қалыптастырдық. Отандық тау-кен секторына қазірдің өзінде «Ivanhoe», «Rio Tinto», «Anglo Teck» және «Fortescue» сияқты ірі компаниялар келді, – деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, Президент биылғы Жолдауында: «Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді.
Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек.
Тағы бір маңызды міндет – геологиялық барлау жұмыстарын күшейту. Елімізде ауқымды аэро-геофизика зерттеулері әбден ескірген.
Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес.
Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн.
Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет.
Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтау керек» — деген болатын.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
