
Президенттің Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары канадалық трансұлттық компанияның басшысымен кездесуден басталды. Жүздесуде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Cameco» «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті. Елімізде қызмет ете бастағаннан бері аталған компания 500 миллион доллардан астам инвестиция құйған әрі технологиялар трансфертіне ықпал еткен. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан энергетиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтіп, алдағы уақытта үш атом электр стансасын салуды көздеп отыр. Еліміз атом саласында қолданылатын инновациялық тәсілдерге қызығушылық танытады.
Тим Гитцель Президентке «Инкай» бірлескен кәсіпорнының қазіргі қызметі мен жоспарлары жөнінде ақпарат берді. Бұл компания Түркістан облысында орналасқан кен орнын ширек ғасырдан бері игеріп келеді.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы «Goldman Sachs Global Institute» компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесу өткізді Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық «Goldman Sachs» жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақ мерзімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді. Мемлекет басшысының айтуынша, толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейтін Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады.
Ал Джаред Коэн «Goldman Sachs Digital Asset Platform» цифрлық қаржы тұғырнамасының тәжірибесіне тоқталды.
Оған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев «Educational Testing Service» (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдады. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы «ETS» компаниясының білімді тестілеу мен бағалау саласында көш бастап келе жатқанына ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, Қазақстан білім беру жүйесінде компанияның тәжірибесін зерделеу мен пайдалануға қызығушылық танытады.
Өз кезегінде Амит Севак Мемлекет басшысына компанияның халықаралық жұмыс жоспары туралы мәлімет берді.
Еске салайық, Ұйым жылына әлемнің 180 еліне 50 миллионнан аса тест әзірлейді әрі әкімшілендіреді, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесіне арналған бейіндік шешімдерді ұсынады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
