Құрметті мемлекеттік қызметшілер және полиция қызметкерлері!
23 маусым күні елімізде 2 бірдей сала мамандарының кәсіби мерекелері атап өтіледі. Өйткені, екі кәсіп иелерінің де ерен еңбектері мемлекет пен қоғамның дамуы, тұрақтылығы үшін аса қажет.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заманауи, сапалы қызмет көрсету міндеті қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керектігін атап көрсетті. Сонымен қатар, «Жаңа Қазақстан» құру жолында мемлекеттік қызметшілерге деген талап және де күшейе түсетіні сөзссіз.
Ауданымызда мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшінің беделін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілер жұмыста қарапайым, өмірде өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сондықтан, ел үшін қызмет ету, оның ішінде ауданның дамуына үлес қосу – мерейлі міндет, зор абырой деп білемін.
Ішкі істер органдары да мемлекеттік биліктің қоғамда құқық тәртібін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдарының бірі.
Қазақстан дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап оның тыныштығын қорғауға берік ден қойылып келеді. Осынау қырағы мамандықты таңдаған жастар да елінің алдындағы борышын сезінетіні сөзсіз.
Заң бекітілген күн, яғни 23 маусым жылда Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтіледі. Ризашылық пен құрметтің нышаны ретінде аудандық полиция бөлімі қызметккерлерін Қазақстан Полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Өз қызметтік міндетін атқаруға адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, халық арасында сақтық жұмысын жүргізетін, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғайтын білікті мамандарыңыздың қатары көбейе берсін!
Қос бірдей айтулы мерекемен Сіздерді құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!
Дүниедегі жалғыз ғана Отанымызда бейбітшілік, тұрақтылық өзара келісім салтанат құрып, еліміз қарыштап дами берсін!
Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Аудандық Жастар ресурстық орталығы КММ басшысы
аудандық мәслихаттың депутаты
Сүндет КЕНЖЕБАЕВ