Бар ғұмырын қазақ балаларын оқытуға арнаған ұлтымыздың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасы өз қызметін 1961 жылы 340 дана кітап қорымен бастаған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда кітапхана қоры 258725 кітапқа жетті.
Кітапханадағы 8 бөлім мен 1 сектор өңіріміздегі балаларға түрлі бағытта қызметтер көрсетіп келеді.
Атап айтар болсақ, «Инновациялық әдістемелік жұмыс”, “Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру”, “Ақпараттық-библиография”, “Орта және жоғары мектеп жасындағы балаларға қызмет көрсету” сонымен қатар, “Мектепке дейінгі және бастауыш сыныптардағы балаларға қызмет көрсету”, “Өнер жөніндегі әдебиет”, “Негізгі қорды сақтау және кітапхана процесстерін автоматтандыру” бөлімдері мен “Бақылау және тіркеу” секторы жұмыс істейді.
Биылғы балалар жылында ата-аналарды ұл-қыздарымен бірге кітапханамызға қуана шақырамыз! Жаңа қазақстандық патриотизмді бірге қалыптастырайық!
Айта кетейік, кітапхана жыл сайын 27 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетіп, оларға 500 мыңға жуық түрлі әдебиеттер мен құжаттар беріледі. Кітапхана оқырмандары: мектеп жасына дейінгі, 1-9 сынып оқушылары және балалар оқуының жетекшілері (ата-аналар, тәрбиешілер, мұғалімдер). Қызмет көрсету жүйесі пайдаланушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылған.
Бүгінгі таңда кітапхананың кітап қоры 254378 дана, ал қазақ тіліндегі кітап қоры 90217 дананы құрайды. Бұлар балаларға арналған дүниежүзілік үздік әдебиеттер, осы заманғы балалар көркем әдебиеті (отандық және шетелдік), оқу процесіне көмектесетін салалық және анықтамалық әдебиеттер, мерзімді басылымдар, аудио және бейне материалдар, электронды басылымдар.
2000 жылы кітапханалық-библиографиялық процестерді дамытуда жаңа ақпараттық технологиялар ендіру басталды, компьютерлік және көшірме-көбейту техникалары алынды.
2002 жылы Республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттар жүйесі (РАБИС) енгізіліп жұмыс істеуде. «РАБИС» жүйесі бойынша АРМ «Әкімшілік», АРМ «Каталогизатор», бағдарламалары іске қосылды.
2004 жылы – «Ауыл кітапханаларында балалармен жұмыс істеудің жаңа бағыттары» республикалық аймақтық семинар өткізілді.
2005 жылы кітапхана Интернет жүйесін қосты. Бүгінгі таңда кітапханада 43 жеке компьютерлерді біріктіретін локальдік-есептеуіш жүйесі қосылған.
2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасын балалар кітапханасында насихаттауға арналған үздік басылым байқауы өткізілді.
2005-2009 жж. Кітапхана «Кітап және жанұя» бағдарламасы бойынша жұмыс жасады
2006 жылы — кітапхананың Web бетінің – www.altunsarin-lib.kzжәне электронды пошта ukodb@mail.ru құрылды.
2007 жылы дамыту және жаңа технологиялар бөлімі ашылып, Интернет – класс оқырмандарға қызмет көрсете бастады.
2007 жылы – «Кітапханалық астана — 2007» халықаралық конференциясының «Тарихи мәдени мұра – балалар мен жасөспірімдер кітапханасы патриоттық сананы қалыптастыру ресурсы ретінде» секциясының жұмысы өткізілді.
2007-2010 жж. Ы. Алтынсарин атындағы ОБК-ның модернизациялау жобасы іске асырылды.
2008 жылы оқырмандарды тіркеу секторы, психологиялық қызмет көрсету бұрышы, шет тіліндегі әдебиеттер бұрышы құрылды.
2008 жылы «Отан деп соққан жүрекпен…» атты 12-15 жас аралығындағы ақындардың облыстық шығармашылық байқауы өтті.
2007-2008 жж. «Жылдың ең үздік кітап көрмесі» облыстағы балалар кітапханалары арасындағы байқау ұйымдастырылды.
2009 жылы РАБИС жүйесі бойынша АРМ «Оқырмандарды тіркеу», АРМ «Іздеу. Қарау. Тапсырыс» бағдарламалары іске қосылды.
2009 жылы «Жырдан жауһар түзетін, Ханбибінің сіңлілері» атты Ханбибі Есенқарақызының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық жас ақын қыздардың мүшайрасы өтті.
2010 жылы оқырмандарға штрих код арқылы кітап беру және кітап қорын сақтауды, бақылауды автоматтандыру бағытындағы жұмыстары қолға алынды.
2010 жылы кітапхана қызметкерлерінің арасында «Мен және менің кітапханам. Я и моя библиотека» атты облыстық эссе байқауы өткізілді.
2011 жылы — «Web-кеңістігіндегі мүмкіндік аймағы. Зона доступного Web пространства» атты ғаламторға еркін кіру акциясы ұйымдастырылды.
2011 жылы – кітапханада медиа орталығын құру жобасы іске қосылды.
2011 жылы — «Ең үздік өлкелік библиографиялық құрал» облыстық балалар кітапханалары қызметкерлерінің арасында байқау ұйымдастырылды.
2011 жылы кітапхананың 50 жылдық мерейтойына орай «Кітапхана балалардың шығармашылық және интеллектуалды даму ортасы» атты республикалық-аймақтық зерделі кеңес ұйымдастырылды.
2011 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығының аясында кітапхананың 50 жылдық мерейтойына орай «Кітапхана – балалар шығармашылық және интеллектуалды даму ортасы» атты республикалық зерделі кеңес өткізілді.
2012 жылы «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасына орай кітапхананың «Еңбек – шешуші ұлттық фактор» жобасы аясында ауқымды іс-шаралар өткізіле бастады.
2013 жылы өлкетану бағытындағы кітаптарды сандық форматқа көшіру жұмыстары жүргізіле бастады. Сондай-ақ, «Солтүстік пен Оңтүстік: мәдени телекөпір» атты онлайн-конференция Ғ.Мүсірепов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық балалар кітапханасымен бірлесіп өткізілді.
2014 жылы кітапхана оқырмандары үшін виртуалды анықтама қызметі іске қосылды. Дәл осы жылы кітапхананың ұйымдастыруымен «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты облыстық Абай оқулары байқауы ұйымдастырылды.
2015 — Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақ хандығын ұлықтау – тарихымызға құрмет» атты облыстық эссе байқауы;
— «Тәуке ханның таңғажайып ерліктері» тарихи шеруі;
— Ең көп оқитын оқырмандар арасында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқау өткізілді.
— «Оңтүстік Қазақстанның ақын-жазушылары» толық мәтінді мәліметтер базасы құрылды.
2016 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет Министрлігінің күнтізбелік жоспарына сәйкес облыстық әкімшіліктің және облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық бейнелеу музейінің және Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Қазанғап Байболұлының 125 жылдығына орай жас суретшілер арасында «Бір өлең – бір сурет» атты облыстық байқау-көрмесі болып өтті.
2018 жылы кітапханада Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы деп жариялауына байланысты, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында жас ұрпаққа арналған кинозалының ашылу салтанаты өтті.
Сондай-ақ, ауыл кітапханаларының жұмысын жандандыру мақсатында:
-«Балалыққа кітаппен барар жол»;
-«Жылдың үздік іс-шарасы»;
-«Компьютерлік сауаттылық»;
-«Кітап оқу – жетістікке апаратын жол»
-«Ең үздік әдістемелік құрал»;
-«Қала мен дала оқырмандары көркем әдебиетте»;
-«Балалардың қызығушылығы әлем ертегілерінде»;
-«Ауылдық кітапханаларда қолөнерді бірге дамытайық»;
-«Заманауи библиографияның типологиялық үлгісі»;
-«Балалар кітапханасының кітап қорын қалыптастыру технологиясы»
-«Үздік отбасы»;
-«Болашақ түлегі-ол ел тірегі»;
-«Шекарасыз кітап»;
-«Компьютерлік сауаттылық» жобалары жасалынып, жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, кітапханада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 іс-шара жоспарланып, өткізілді.
Кітапхананың 55 жылдық мерейтойына орай «Жаңа ақпараттық қоғамдағы кітапхана» атты конференция өткізілді.
ОБК-балаларды кітаппен және ақпаратпен қамтамасыз ететін аудандық балалар кітапханаларының әдістемелік орталығы болып табылады. Облыс көлеміндегі балалар кітапханалары үшін әдістемелік іс-тәжірибелік көмек ретінде семинар кеңестер, тренинг сабақтар және іс-сапарлар ұйымдастырылады.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша балаларға 30 балалар кітапханасы қызмет көрсетеді.
Оның ішінде:
— Облыстық балалар кітапханасы – 1;
— Аудандық орталықтандырылған балалар кітапханасы – 16;
— Аймақтық балалар кітапханасы – 3;
— Кітапхана бөлімшелері – 10;