
Аудан әкімі Азат Оралбаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы іссапары аясында Шандон провинциясына қарасты Шугуан ауданына барды.
Шугуан ауданы халқының саны 1,1 миллионды құрайды. Жалпы жер аумағы 2000 шаршы шақырым болса, оның 6700 гектары жабық жылыжай шаруашылығына арналған. Бұл өңір көкөніс өнімдерін өндіру мен экспорттау саласында Қытайдағы жетекші аймақтардың бірі саналады. Өнімдері халықаралық нарықта экологиялық таза және сапалы ауыл шаруашылығы өнімі ретінде кеңінен танылған.
Іссапар барысында делегация «Shandong Shuguang» автоматтандырылған жылыжай кешенінде болды. Жалпы аумағы 880 гектарды құрайтын нысанда 34 түрлі ауыл шаруашылығы өнімі өсіріледі және сапалы тұқымдар шетелге экспортталады.
Келесі кезекте Таншан провинциясындағы алғашқы жылыжай тарихына арналған музейге барып, өңірдің жылыжай шаруашылығының дамуы мен дәстүрлі көкөніс өсіру әдістерімен танысты.
Делегация Чиңжоу пленка зауытының жұмысымен де танысты. Кәсіпорын жылыжай құрылысына арналған жоғары тығыздықтағы пленка өнімдерін шығарады, жылдық қуаттылығы — 40 мың тонна.
Сонымен қатар, делегация Шугуандағы гүл және көкөніс өсіретін жылыжайлардың жұмысымен танысты.
Бұл іссапар аудандағы ауыл шаруашылығы саласына шетелдік тәжірибені енгізу мақсатында, агроөндірісі жоғары деңгейде дамыған Шугуан өңіріндегі заманауи технологияларды және жылыжай шаруашылығын зерделеуге бағытталды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
