Ордабасы ауданы инвесторлар үшін тартымды

Ауданда шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар нәтижелі жүзеге асуда. Аудан әкімі Азат Оралбаев жаңартылатын энергия көздері саласында жетекші саналатын «Zhejiang Kanghua Wulian Technology Co., Ltd» компаниясының өкілдерін қабылдады.

Шетелдің ірі және озық технологиялы компанияларының бірі саналатын «Zhejiang Kanghua Wulian Technology Co., Ltd» Түркістан облысына, соның ішінде ауданға ерекше қызығушылық танытып отыр. Компания электр энергиясын тікелей өнеркәсіптік тұтынушыларға жеткізу бағытындағы инновациялық жобаларды жүзеге асырумен айналысады.

Кездесу барысында аудан басшысы инвесторларға өңірдің инвестициялық әлеуеті, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен даму бағыты туралы кеңінен таныстырды. Әсіресе, өнеркәсіп және энергия саласындағы жобаларды іске асыру үшін ауданда барлық қажетті жағдайлар жасалғаны атап өтілді.

Аталған жоба жүзеге асқанда, ауданда «жасыл энергетика» саласының дамуына тың серпін беріліп, экологиялық қауіпсіз және үнемді электр энергиясын өндіруге жол ашылады.

Аудан бүгінде тек аграрлық салада ғана емес, индустриялық-инновациялық даму бағытында да айтарлықтай ілгерілеу үстінде. Халықаралық инвесторлармен орнатылған байланыс – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі.

Сонымен қатар ауданда өнеркәсіп саласында тағы бір ауқымды инвестициялық жоба іске аспақ. Аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік инвесторлармен кездесіп, ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Кездесу нәтижесінде Бадам индустриялды аймағына іргелес орналасқан «КазМедПрибор» ЖШС-нің жеке меншік жер телімінде шетелдік «ALEM EURO PIR» компаниясының жаңа зауыт салу жобасы мақұлданды.

Жобаның жалпы құны – 4,5 миллиард теңге. Ірі өндіріс орны толық іске қосылғанда, мұнда 100 жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар тұрақты еңбекпен қамтылады деп күтілуде.

Зауыттың негізгі бағыты – құрылыс саласында сұранысқа ие сэндвич панельдерге арналған PIR (полиизоцианурат көбік) материалын өндіру. Жобаның алғашқы кезеңінде өндірістік қуаттылығы жылына 1 миллион шаршы метр дайын өнім шығаруға жетеді.

Бұл жоба тек жаңа технология және инвестиция тартумен шектелмей, жалпы өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін береді. Сонымен қатар, жергілікті бюджетке қосымша түсімдер әкеліп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашады.

Ауданда соңғы жылдары инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл жоба — сол еңбектің нақты нәтижесінің бірі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You