Ордабасы ауданына арнайы медициналық пойыз келмек

Жергілікті тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру мақсатындағы «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасы аясында Ордабасы ауданына арнайы медициналық пойыз келмек.

11-12 қараша күндері пойыз Бадам темір жол вокзалында тоқтап, тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетеді. Қабылдау уақыты: сағат 09:00–ден 18:00–ге дейін.

Барлық медициналық қызметтер ТЕГІН көрсетілетінін еске салғымыз келеді. Қызметтер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және Кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМК) шеңберінде жүзеге асырылады.

Пойыз заманауи диагностикалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, бұл әртүрлі тексерулер мен ем-шараларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Қабылдау жүргізетін мамандар: терапевт, хирург, маммолог, педиатр, психолог, УЗИ маманы, стоматолог (ересектер және балалар), офтальмолог (ересектер және балалар), уролог (ересектер және балалар), заңгер, медиатор.

Заңгер демекші, түнеугүні Темірлан елді мекенінде Ордабасы ауданы әкімдігі мен аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Шараның негізгі мақсаты азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ билік пен халық арасындағы сенімді әрі ашық диалог орнату болып табылады.

Акция барысында аудан тұрғындарына прокуратура мен полиция, әділет органдары, сот және жергілікті атқарушы құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ кәсіби заңгерлер мен адвокаттар тегін кеңес берді. Құқық саласының мамандары тұрғындардың әлеуметтік, тұрғын үй, еңбек, отбасылық және жер қатынастарына қатысты сауалдарына жауап беріп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Диагностикалық қызметтер: электрокардиография (ЭКГ), рентген, маммография, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ).

Дәрігерлердің қабылдауына келіп, тексеруден өтіп, өз денсаулығыңызға қамқор болу мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You