Ордабасы ауданына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келді

Бүгін елді мекен тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік жасау мақсатындағы медициналық жоба аясында «Саламатты Қазақстан» пойызы Бадам темір жол вокзалына келді.

Таңертеңнен бастап тұрғындар дәрігерлердің қабылдауына белсенді түрде келіп, тегін медициналық тексеруден өтіп жатыр. Бүгінгі таңда ересектерден 178 адам, балалардан 28 бала қабылданды. Үйде төсек тартып жатқан 10 науқасқа медициналық кеңес беру көмегі ұйымдастырылды. Жалпы саны 216 тұрғын медициналық көмек алды.

Медициналық пойыз заманауи диагностикалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда терапевт, хирург, педиатр, невропатолог, кардиолог, гинеколог, стоматолог, офтальмолог, ЛОР, психолог және басқа да мамандар қабылдау жүргізіп жатыр. Тұрғындарға ЭКГ, УДЗ, рентген, маммография және зертханалық талдаулар сияқты диагностикалық қызметтер көрсетілуде. Барлық тексерулер мен дәрігерлік кеңестер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде тегін жүргізіледі.

Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасалып, жоспарлы емдеуге жолдамалар беріледі. «Саламатты Қазақстан» пойызы Бадам темір жол вокзалында 2 күн аялдайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You