Ордабасы ауданындағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты

Loading

Мұны Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы мен Ордабасы ауданының әкімі Азат Әбдіғалиұлының қатысуымен аудандағы қоғамдық-саяси ахуалға арналған жиын ауанынан ұқтық. Іс-шараға құқық қорғау органдары, тиісті сала басшылары мен ауыл округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде ағымдағы жылдың басынан бері аудан аумағындағы қоғамдық-саяси жағдай мен тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйі талқыланды. Баяндамалар мен пікір алмасу қорытындысы бойынша ауданның қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты деп бағаланды. Аудан аумағында оппозициялық ұйымдар тіркелмегені және бейбіт жиналыстар өткізу жөнінде ресми хабарламалар түспегені атап өтілді.

Тиісті мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан тұрғындармен түсіндіру, алдын алу және профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Аудан басшылығы алдағы уақытта да қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстарды ұдайы назарда ұстайтынын атап өтті.

Мұнан бөлек аудан орталығындағы Мәдениет үйінде Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының орындалу барысына арналған жиын да өтті. Іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тілемісов, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдарының өкілдері, ауыл округтерінің әкімдері мен білім саласының мамандары қатысты.

Жиында өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу бағытында нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мен білім саласы мамандарына «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының мақсат-міндеттері түсіндіріліп, алдағы жұмыс жоспары айқындалды.

Атап өтерлігі, Ордабасы ауданында жол қауіпсіздігі әрқашан бақылауда тұр. Аудан әкімінің тапсырмасы аясында елді мекендерде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, мектеп маңайы мен орталық көшелерде жолақ сызықтарын жаңарту ісі – ұдайы басты назарда.

Осыған сәйкес Темірлан абаттандыру қызметкерлері Шұбарсу ауылындағы Д.Қонаев көшесінің қиылысы мен мектеп алдындағы жол бөліктеріндегі жолақ сызығын жаңартты.

Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен барлық елді мекендерде жалғасын табады.

Қош, қоғамдық-саяси ахуал мәселесіне қайта оралайық. Естеріңізде болса, ауданда «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында «Елдегі ішкі тұрақтылықты сақтауда құқықтық, саяси және діни сауаттылықтың, зайырлылық принциптердің алатын орны және рөлі» тақырыбында кездесу өткен болатын. Іс-шараға аудандық ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесінің мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, дін саласының қызметкерлері, әскери қызмет саласы мамандары, ауыл билері және жастар қатысты.

Кездесуде облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің Этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Хасан Исақов құқықтық және діни сауаттылық, сондай-ақ әскери міндеттілік тақырыптарында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиын барысында қатысушылар ел бірлігін сақтау, діни төзімділік пен азаматтық жауапкершілік қағидаттарын нығайту бағытында өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Қоғамдағы саяси тұрақтылық хақында тағы бір ақпар, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» жобасын іске асыру мақсатында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аудан және қала тұрғындарымен ақпараттық-насихаттық кездесулер ұйымдастыруда.

Осыған орай Ордабасы ауданында да ақпараттық-насихаттық топ мүшелері аудан тұрғындарымен, ұстаздармен, жастармен және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті.

Топ құрамында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов және аудандық білім бөлімінің әдіскері Ұлтусын Мұратбек болды.

Кездесу барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті нығайту, адалдық пен әділдік құндылықтарын қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Шарада сөз алған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов қоғамдағы заң мен тәртіптің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Ордабасы аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Сатенов жас ұрпаққа адалдық пен әділдік құндылықтарын сіңірудің білім беру жүйесіндегі рөліне тоқталды.

Аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, жас ұрпақты ел болашағына жауапты, парасатты әрі адал азамат болып қалыптасуға шақырды. Кездесу соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You