Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау және жаңа инвестицияларды тарту бағытында жүйелі жұмыс бар

Расында да, Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау және жаңа инвестицияларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бір дәлелі, Бадам елді мекеніндегі «Kazkioti» ЖШС ғимаратында аудан кәсіпкерлігін дамытуға арналған кәсіпкерлердің ІІІ форумы өтті. Іс-шара аясында аудан кәсіпкерлерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.

Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, облыстық және өңірлік қаржы институттарының өкілдері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері мен ауыл округ әкімдері қатысты.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері таныстырылып, бизнесті дамытудағы бірқатар мәселелер талқыланды.

Аудан әкімі Азат Оралбаев өз сөзінде кәсіпкерлікті дамытуда тұрғындардың белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды:

– Бүгінгі жиынға ауыл округ әкімдері мен кәсіпкерлерді арнайы қатыстырып отырмыз. Мақсатымыз – кәсіп ашуға ниетті тұрғындарды тарту, өз кәсібін бастаймын дегендерге демеу болу. Атқарылған істі көрсетіп қана қоймай, алда тұрған міндеттерді нақты іске асыратын уақыт келді.

Жақында Мемлекет басшысының Жолдауында: «Кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші. Мемлекет бизнестің дамуы үшін бар жағдайды жасауға тиіс» деп атап өтті. Сондықтан біз де аудан деңгейінде осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет, – деді аудан басшысы.

Шара барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы Данияр Аяпов, «Ырыс» шағын несие ұйымының директоры Мұхит Мыңбаев, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақдәулет Еркеқұл және корпорация басшысының орынбасары Нұрлыбек Исаев кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері мен қаржыландыру мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

Кәсіпкерлік саласындағы осы маңызды алаң аясында 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобалардың таныстырылымы өткізіліп, аудан әкімдігі мен жеке компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Атап айтқанда:

«Alem Euro PIR» ЖШС – сэндвич-панель және PIR (полиизоцианурат көбік) өндірісін іске қосу жобасы (4,5 миллиард теңге);

«Grand Pro» ЖШС – жиһаз өндірісін құру жобасы (1,8 миллиард теңге);

«PETRANA OIL GROUP» ЖШС – жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кешенін дамыту жобасы (1 миллиард теңге).

Форумнан кейін қатысушылар «Kazkioti» ЖШС-нің жұмыс барысымен танысып, өндіріс үдерісін аралап көрді.

Бұл басқосудың басты мақсаты аудан экономикасының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасау болып табылады.

Ерекше назар аударар жайт, аудан басшылығы кәсіпкерлердің ұсыныстарына құлақ асуды ешқашан ұмыт қалдырған емес. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Кәсіпкерлікті дамыту – еліміздің экономикалық өркендеуінің басты тетігі. Бизнестің жолындағы кедергілерді азайтып, әкімшілік тосқауылдарды жою қажет», – деп атап өткен болатын.

Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында Ордабасы, Бәйдібек және Созақ аудандарында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі кәсіпкерлермен жеке қабылдау өткізді.

Кездесуді Өңірлік кеңес төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен Палата директоры Асылан Ибадуллаев жүргізді. Іс-шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев пен кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Кәсіпкерлер өз салаларындағы өзекті мәселелерін көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Атын атап, түсін түстей кетейік:

Ордабасы ауданында – «Ауыл аманаты» бағдарламасына мал бордақылау бағытын енгізу;

Бәйдібек ауданында – кәсіп ашуға арналған қолдау тетіктерін барлық ауылдық округтерге кеңейту;

Созақ ауданында – кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін бөлу және құрылыс нормаларын жеңілдету мәселелері қаралды.

Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов мұндай кездесулердің басты мақсаты кәсіпкерлердің нақты проблемаларын анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын бірлесе қарастыру екенін атап айтты.

Ал, Палата директоры Асылан Ибадуллаев барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын және олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You