Ордабасы ауданында мақта шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Ауданның ауыл шаруашылығы саласында тұрақты жұмыс жүргізіп келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі — Төрткүл ауылындағы «Рамазан-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Бұл шаруашылық 2009 жылы құрылып, егін шаруашылығымен айналысып келеді. Компанияның негізгі бағыты – суармалы жерлерде мақта егу және оны өңдеу арқылы ішкі және сыртқы нарыққа жоғары сапалы өнім ұсыну. Бүгінгі таңда серіктестіктің қарамағында 723 гектар суармалы жер бар. Кәсіпорын осы алқаптарға Түркиядан әкелінген жоғары сапалы мақта сорттарын егіп, жыл сайын шамамен 4500 тонна мақта шикізатын жинайды. Жиналған өнім кәсіпорынның өз мақта өңдеу зауытында өңделіп, жылына 35 000 тоннаға дейін мақта талшығы өндіріледі.

Шаруашылық құрамында 77 тұрақты қызметкер еңбек етеді, ал маусымдық жұмыстар кезінде бұл көрсеткіш 300 адамға дейін жетеді. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға айтарлықтай үлес қосуда.

«Рамазан-Агро» серіктестігі өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын кеңінен қолданады. Кәсіпорынның меншігінде 120-дан астам техника бар, олардың қатарында «John Deere» маркалы мақта жинайтын комбайндар мен тракторлар, тіркемелер, тиегіштер мен басқа да заманауи жабдықтар бар.

Сонымен қатар шаруашылық өз алқаптарына жаңбырлатып суару жүйесін орнатқан. Бұл өздігінен жүретін инновациялық техника су ресурстарын үнемдеуге, сонымен қатар тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде.

«Рамазан-Агро» ЖШС өнімдері тек отандық нарықта ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие. 2016–2017 жылдары серіктестік Чехияның «Cotton CZ S.R.O.» компаниясымен үш келісімшарт жасап, тұрақты серіктестік орнатты. Сонымен қатар, шаруашылықтың өнімдері Беларусь, Ресей және Молдова елдеріне экспортталады.

Компания мақта шаруашылығын дамыту арқылы өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, қазақстандық мақтаның сапасын арттыру және оны әлемдік нарықта ілгерілету мақсатында мақта шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу мен енгізу жөнінде ұсыныстар білдіріп отыр.

Өндіріс пен экспортты қатар дамытып отырған «Рамазан-Агро» ЖШС Ордабасы ауданының ғана емес, күллі өңірлердегі мақта шаруашылықтарына үлгі болып отыр.

Атап өтер жайт, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар ауыл кәсіпкерлеріне өз ісін дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Солардың бірі – аудан орталығы Темірланда табысты еңбек етіп отырған, «Елнұр-Айдар» өндірістік кооперативі.

Агроном мамандығын игерген Елнұр Сайдазимов субсидияланатын жұмыс орындарының арқасында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, жылыжай шаруашылығын дамытып отыр.

Заманауи технологиялар мен табиғи тыңайтқыштарды пайдалану арқылы лимон, мандарин, құлпынай, алма өсіріп, сапасы жоғары, экологиялық таза ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде.

Елнұр Сайдазимовтің бұл табысы – еңбекқорлық пен жаңашылдықтың, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың жемісі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You