Ордабасы ауданында мемлекеттік қызметке үміткерлерге арнайы бөлме жабдықталды

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, сондай-ақ азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Жаңа талаптарға сай, «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталында іске асырылатын конкурстық рәсімнің жаңартылған форматы үміткерлерге мемлекеттік органға келмей-ақ, үй жағдайында онлайн форматта қатысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Е-қызмет» жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен интеграцияланған. Бұл үміткерлерді артық құжат жинаудан босатып, өзге мемлекеттік деректер базасынан қажетті ақпаратты автоматты түрде алуға мүмкіндік береді. Жүйе үміткердің соттылығы, заң бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы және біліктілік талаптарына сәйкестігі секілді мәліметтерді өзі тексереді.

Конкурсқа қатысу үшін тек интернетке қосылған, веб-камерасы мен микрофоны бар компьютер жеткілікті.

Осы орайда, мемлекеттік қызметке орналасуға қызығушылық білдірген тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Ордабасы ауданы әкімдігі ғимаратында үміткерлерге арналған арнайы бөлме жабдықталды. Бөлме интернет желісіне қосылған компьютермен қамтамасыз етіліп, конкурсқа қатысамын деушілерге барлық мүмкіндік жасалған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You