Ордабасы ауданында «Сауатты қоғам – дамыған мемлекет» тақырыбында конференция ұйымдастырылды

Аудандық мәдениет үйінде «Сауатты қоғам – дамыған мемлекет» тақырыбында аудандық конференция өтті. Шараны Ордабасы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» ұйымдастырды.

Конференцияның негізгі мақсаты – қазақ тіліндегі сауатсыздықты жоюдың тиімді жолдарын айқындау, қоғамда тіл мәдениетінің маңызын түсіндіру, сауатты жазу мен дұрыс сөйлеу дағдыларын қалыптастыру арқылы ұлттық болмыс пен мемлекеттің дамуына үлес қосу.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бекжігіт Сердәлі, аталмыш университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Досбол Ислам, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Құрманәлі Жылқыбай және ауданның тіл жанашырлары қатысты.

Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз ашып, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы жүргізіп отырды.

Шара барысында Бекжігіт Сердәлі «Сауатты ұрпақ – жарқын болашақ кепілі», ал Досбол Ислам «Ұлттық болмыс – сауатты сана тіні әрі тілі» тақырыбында мазмұнды баяндамалар жасап, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мен сауатты ұрпақ тәрбиелеудің өзектілігіне тоқталды.

Конференцияны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары тіл сауаттылығына қатысты өзекті мәселелерді атап өтіп, аудандық Тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры Ақнұр Ташеваға нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар орталық директоры мекеменің атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жиын соңында қатысушылар тіл мәдениетін қалыптастыру – ұлт болашағы үшін маңызды міндет екендігіне ерекше назар аударды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You