
Бүгінгі білім күні мерекесінде ауданда үш жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Бұл – ауданның білім беру саласындағы инфрақұрылымды жаңартудағы маңызды қадамдардың бірі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген Ақбұлақ ауылындағы 300 орындық жаңа мектеп ашылды.
Темірлан ауылында жеке кәсіпкердің қаржысына салынған «Өркен» бастауыш мектебі оқушыларға есігін айқара ашты.
Сондай-ақ, Қызылжар ауылында 300 орындық жалпы орта мектебінің жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді.
Заманауи пәндік кабинеттермен, спорт, мәдениет және шеберлік залдарымен жабдықталған жаңа оқу нысандарында оқушылардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалды.
Қазіргі таңда Ордабасы ауданында 76 мектеп пен 61 балабақша жұмыс істейді. Мұнда 36 990 оқушы білім алса, 4 517 мұғалім еңбек етуде. Биылғы жаңа оқу жылында 3 964 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Жаңа оқу орындарының ашылуы үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге және ауылдық жерлердегі білім инфрақұрылымын жақсартуға зор ықпал етпек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
