Ордабасы ауданында жаңа спорт залы пайдалануға берілді

Ауданда спорт саласын дамыту бағытындағы игі істер жалғасып келеді. Жуырда Қараспан ауыл округіне қарасты Төреарық елді мекенінде заманауи талаптарға сай жаңа спорт залы ел игілігіне пайдалануға берілді.

Жеке кәсіпкердің бастамасымен бой көтерген «Төреарық спорт залының» құрылысы 2023 жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталды. Жалпы ауданы 0,25 гектарды қамтитын спорт нысаны ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік береді.

Спорт кешенінде бокс пен қазақ күресі, дзюдо мен каратэ-до және үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысуға толық жағдай жасалған. Бірінші қабатта бокс және күрес залдары, тренажер бөлмесі, жуыну және қызметкерлерге арналған бөлмелер орналасқан. Екінші қабатта қосымша қызметтік бөлмелер бар.

Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Азат Оралбаев ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, спорт кешенінің ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуін тілеп, спортпен шұғылданушы жастарға сәттілік тіледі.

Рәсім барысында аудан әкімі спорт залдың лентасын қиып, нысанның ішін аралап көрді. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған залдың жұмысына сәттілік тілеп, ондағы жағдаймен танысты.

Шара соңында ауыл ақсақалы бата беріп, жаңа спорт нысанының жұмысына сәттілік тіледі.

Естеріңізде болса, түнеугүні ғана Темірлан елді мекенінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Мәдени-спорт кешенінде мұражай, кітапхана, көрме залы, асхана, конференция залы, спорт орталығы, спортшылар киім ауыстыратын және басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған. 148 орындық амфитеатр стилінде салынған кешенде ауылдық һәм аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде күрестің кәсіпқой және олимпиадалық түрлері: еркін күрес, дзюдо, қазақша күрес, самбо күресінен жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалған. Халықаралық автожол бойында салынған заманауи кешенде туристер үшін де барлық жағдай қарастырылған. Ғимарат ішіндегі 138 орындық конференция залы, 48 орындық асхана мен 126 адамға лайықталған шағын көрме залы мен кітапхана туристер үшін тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетеді.

Бес гектар аумақта орналасқан, 3 ғимараттан тұратын кешеннің жалпы ауданы 3 622 шаршы метрді алып жатыр. Жоба құны 1,3 миллиард теңгені құрайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You