Ордабасы ауданының әкімі техникалардың қысқы маусымға дайындығын тексеріп, жол бойындағы абаттандыру жұмыстарын қадағалады

Loading

Алдымен аудан әкімі Азат Оралбаев Темірлан елді мекеніндегі «Темірлан Абаттандыру» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің техникалық базасына барып, қысқы маусымға дайындық барысын тексерді.

Аталған мекеме аудан орталығымен қатар барлық ауыл округтерінде абаттандыру-көгалдандыру, көше тазалығы мен күтіп-ұстау жұмыстарын атқарып келеді. Ал, қыс мезгілінде қар тазалау және көше жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралардың сапасы өте маңызды.

Бақылау барысында мекеме басшысы Салтанат Алибаева арнайы техникалардың толық жарақтандырылуы, жүргізушілер мен жұмысшылардың кезекшілік кестесі, қар тазалау және көше жолдарын құм-тұз қоспасымен өңдеу жұмыстары жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берді.

Аудан басшысы Азат Оралбаев қысқы маусым кезінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау басты міндеттердің бірі екенін атап өтіп, жауаптыларға төтенше жағдайлардың алдын алу, коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар техникалардың жарамдылығына, жұмысшылар мен жүргізушілердің кәсіби дайындығына және еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуына назар аударып, тиісті сала басшыларына жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.

Бұдан бөлек аудан әкімі Азат Оралбаев аудан орталығынан Ынталы ауылына баратын бұрылыста орналасқан жол бойындағы аллеялардың құрылысын және көгалдандыру жұмыстарының барысын қадағалады. Мердігер мекеме тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарларын, абаттандырудың сапасын, көгалдандыру мен элементтердің орналасуын және жалпы көріктендірудің эстетикалық талаптарға сәйкестігін тексерді.

Аудан басшысы сондай-ақ елді мекендер мен жол бойының келбетін көркейту бағытындағы жұмыстардың жүйелі әрі уақтылы жүргізілуі маңызды екенін кезекті рет атап өтіп, көгалдандырудың сапасын арттыру, суару жүйелерін тиімді ұйымдастыру және нысандар құрылысының қарқынын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You