Ордабасы ауданының әкімі жыл соңына дейін әрбір салықтың толық жиналуы қажеттігін ескертті

Бұл туралы сейсебі күні аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжіліс барысында айтылды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы мен қызметкерлері, бөлім басшылары, ауыл округі әкімдері мен сала қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес, алғашқы болып аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева сөз алып, бюджеттің қосымша кіріс бөлігін арттыру жоспарының орындалуы туралы баяндама жасады. Ол жылдық жоспардың орындалу барысын, түсім көздерін ұлғайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған шараларды баяндады.

Аудан әкімі бюджет көрсеткіштерінің уақытылы орындалуының маңыздылығын ерекше атап өтіп, кейбір ауылдық округтер мен бөлімдердің жұмысын сынға алып, жыл соңына дейін әрбір салықтың толық жиналуы қажеттігін айтты.

Келесі мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Исқақов күзгі тал егу шаралары жөнінде баяндады.

Аудан басшысы бұл тұрғыда тал егу тек жоспар орындау үшін емес, аймақтың экологиялық келбетін жақсарту үшін жасалуы тиістігін, егілген әрбір ағаштың күтімі мен қорғалуы қатаң бақылауда болуы керектігін атап өтті.

Жиында сондай-ақ жылыту маусымындағы қауіпсіздік шаралары да кеңінен талқыланды. Тиісті сала басшыларына тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардағы жылыту жүйелерінің жағдайын саралау, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі мен газ құралдарын пайдалану тәртібін түсіндіру бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.

Сонымен қатар жиын барысында бұқаралық ақпарат құралдарына жазылу науқанының барысы, қоғамдық-саяси ахуал және азаматтарды күзгі әскер қатарына шақыру жұмыстары да қаралды.

Жиналыс соңында аудан әкімі тиісті басшыларға күн тәртібіндегі әрбір мәселеге жауапкершілікпен қарап, нақты нәтиже көрсету қажеттігін ескертті.

Жауапкершілік демекші, аудан әкімі Азат Оралбаевтың ауыл округі тұрғындарымен кездесу кестесі дайын болды. Төменде нақтылай кеткенді жөн көріп отырмыз.

  1. Шұбар ауыл округі, №18 колледжде, 18.11.2025 жылы, сағат 10.00-де.
  2. Шұбарсу ауыл округі, Шұбарсу ауылдық мәдениет үйінде, 18.11.2025 жылы, сағат 15.00-де.
  3. Бадам ауыл округі, С.Сейфуллин ЖОМ, 19.11.2025 жылы, сағат 10.00-де.
  4. Бөржар ауыл округі, Ұялыжар ауылдық мәдениет үйінде, 19.11.2025 жылы, сағат 15.00-де.
  5. Төрткүл ауыл округі, Төрткүл ауылдық мәдениет үйінде, 20.11.2025 жылы, сағат 10.00-де.
  6. Қарақұм ауыл округі, Қарақұм ауылдық мәдениет үйінде, 20.11.2025 жылы, сағат 15.00-де.
  7. Жеңіс ауыл округі, Жеңіс ауылдық мәдениет үйінде, 21.11.2025 жылы, сағат 10.00-де.
  8. Бөген ауыл округі, Б.Кенжебаев атындағы ЖОМ, 21.11.2025 жылы, сағат 15.00-де.
  9. Қараспан ауыл округі, Берген ауылдық мәдениет үйінде, 25.11.2025 жылы, сағат 10.00-де.
  10. Қажымұқан ауыл округі, Жастар сарайында, 25.11.2025 жылы, сағат 15.00-де.

Кездесу соңында өтетін аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін 8 (725-30) 79-4-15 байланыс телефоны және «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы сағат 9.00-19.00 аралығында (түскі үзіліс — сағат 13.00 — 15.00 аралығы) жүргізіледі.

Тиісті мекемелердің қатысуын қамтамасыз ету және кері байланыс орнату мақсатында өтініш берушінің аты-тегі, сұрақтың мәні, мекенжайы, байланыс телефоны және электронды пошта (бар болған жағдайда) нақты көрсетілуі қажет.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You