Ордабасы ауданының орталығында маңызды жобалар жүзеге асып жатыр

Loading

Аудан әкімі Азат Оралбаев аудан орталығында жүргізіліп жатқан бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысын ауық-ауық аралап, жұмыс қарқынын қадағалап тұрады.

Мәселен, аудан орталығы үшін ең ауқымды жобалардың бірі – заманауи кәріз жүйесінің құрылысы. Жобаға сәйкес, бірнеше шақырымдық құбыр тартылып, арнайы сорғы станциялары орнатылады. Бұл жұмыс санитарлық талаптарды күшейтіп, ауылдың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Тағы да бір маңызды саналатын жоба бассейн кешені мен теннис кортының құрылысы – алдағы уақытта тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді. Жобаның мердігері – «Бақ-Ерке Строй» ЖШС нысанның құрылысын 2026 жылдың қарашасында аяқтамақ.

Сонымен қатар, Ынталы ауылына баратын бұрылыстағы жол бойы абаттандырылып, тұрғындардың демалыс орнына айналады. Аллеяда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен орындықтар, ойын және спорт бұйымдары, жарық шамдары орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

Ауданға кіреберістегі абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Шымкент бағытынан кіреберістегі, Шәмші Қалдаяқов аллеясына қарама-қарсы аумақта да абаттандыру шаралары жүргізіліп, жасыл желек отырғызылып, көрікті аймаққа айналмақ.

Сондай-ақ, Арыс өзенінің үстіндегі кіші көпір жаңартылу үстінде. Көпірдің қоршаулары реттеліп, төбесі жабылып, келбеті жаңарып, жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалады.

Аудан басшысы нысандарды аралау барысында жұмыс жүргізушілерге бірқатар сын-ескертулер айтып, құрылыс қарқынын жеделдетіп, сапаны бақылауда ұстауды тапсырды.

Бұдан бөлек Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Темірлан ауылындағы Самал мөлтекауданы мен К.Омаров көшесіндегі инженерлік инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Айта кетсек, аудан орталығында соңғы уақытта бірқатар тұрғын үйлер бой көтеріліп, халық саны артып келеді. Осыған байланысты электр қуатының кернеуі мен көгілдір отын жеткізу мәселелері туындаған. Аталған түйткілдерді зерделеу мақсатында аудан әкімі жауапты сала басшыларымен бірге тұрғын үйлерді аралады. Тұрғындардың пікірі мен өтініштерін тыңдады.

Сапар барысында Азат Оралбаев ауызсу тарту жұмыстарының жүргізіліп жатқан аймағында болып, мердігер мекеме өкілдерінен атқарылған іс пен алдағы жоспарлары айқындалды.

Аудан басшысы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, әрбір жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тапсырды.

Бұл жобалар – халықтың тұрмыс сапасын арттыратын басты факторлар. Нысандар жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп, ауданның әлеуметтік даму қарқынын арттыра бермек.

Айтпақшы, осы ретте аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудан аумағында жұмыс атқарып жатқан мердігер мекемелер өкілдерінің қатысуымен штаб отырысы өткенін де атап өткен жөн.

Кеңесте құрылыс, инженерлік инфрақұрылым тарту және әлеуметтік нысандарды салу бағытындағы жұмыстардың барысы қаралды. Әр мердігер ұйым өзіне жүктелген міндеттердің орындалу деңгейі жөнінде есеп беріп, атқарылған жұмыстар мен кездесіп отырған мәселелер туралы баяндады.

Аудан басшысы нысандарды уақытылы әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Отырыстың қорытындысында аудан әкімдігі тарапынан жобалардың тиімді жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда болатыны айтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You