
Ауданның тумасы, ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
94 келіге дейінгі салмақта жұлқа көтеру жаттығуында 175 келіні бағындырған Нұрғиса әлем рекордшысы ирандық Алиреза Моейни мен түркиялық Хакан Курназды артта қалдырды.
Бұл — ордабасылық саңлақтың халықаралық аренадағы зор жетістігі. Алда спортшы серпе көтеру мен қоссайыс бойынша да жүлде үшін сынға түседі.
Ел намысын абыроймен қорғаған жерлесіміздің жеңісі жастарымызды жігерлендіріп, спортқа деген ынтасын арттыра түсетіні сөзсіз!
Сонымен қатар бүгін аудандық Мәдениет үйінде инклюзивті спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Спорт – денсаулық кепілі» атты көру қабілеті зақымдалған жандар арасындағы Түркістан облыстық ашық спартакиада ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылу салтанатында Ордабасы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың қоғамдағы мәні мен рухани жігерді нығайтудағы маңызына тоқталды.
Жарыс қорытындысында үздік ойыншылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар табысталды.
Бұл додада қатысушылар үлкен ерік-жігер мен белсенділік танытты. Өзара тәжірибе алмасып, достық пен татулықтың үлгісін көрсетті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
