Президент Жолдауы-2025: Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты деп айта аламыз

Loading

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында еліміздің саяси жаңғыруы мен экономикалық дамуына, сондай-ақ, Қазақстанның болашағына қатысты өте өзекті мәселелерді қозғады. Президентіміздің Қазақстанды толыққанды цифрлы мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи бастамасы – ел болашағын айқындайтын маңызды стратегия.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды саяси реформалар жүргізілгені мәлім. Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін одан әрі жетілдіре түсу үшін парламенттік реформа жүргізуге бастамашы болып отыр. Әрине, ел болашағына қатысты осынау маңызды шешімді халқымыз референдум арқылы қабылдайды.

Менің ойымша, Парламенттің бір палаталы болуы Қазақстан секілді біртұтас, унитарлы мемлекет үшін өте орынды. Бұл отандық заң шығару жүйесін жетілдіруге, депутаттардың саяси салмағы мен ықпалын арттыруға жол ашады. Бір палаталы Парламенттің Үкіметті жасақтау мен оның жұмысын қағалаудағы рөлі арта түседі. Ал, оның құрамының партиялық жүйе арқылы жасақталуы саяси бәсекелестіктің, плюрализмнің артуына мүмкіндік береді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстан демократиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басудың қарсаңында тұр.

Бұдан бөлек, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты ретінде, Жолдаудағы аймақтарға инвестиция тарту мәселелеріне айрықша назар аудардым. Қасым-Жомарт Кемелұлы инвестиция тарту — орталық атқарушы органдардың ғана емес, жергілікті биліктің де міндеті екеніне тоқталып, әкімдердің өңірдегі инвестициялық ахуалға тікелей жауапты болуы тиістігін айтты.

Осы орайда, Шымкентте инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жұмыстың біршама оң нәтижесі бар екенін атап өткім келеді. Нақты айтар болсақ, биыл қаңтар-маусым айларында қала экономикасына 359,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 31 пайызға өсті. Дегенмен, қол жеткізілген жетістіктерге тоқмейілсіп отыруға болмайтыны анық. Әсіресе, Президенттің арнайы экономикалық аймақтарды басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі нұсқауы өте орынды деп есептеймін.

«Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін терең сараптама жасап, түбегейлі шаралар қабылдауға дайын болуы керек. Арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға жеке компанияларды, қажет болса, шетел компанияларын тартуға болады.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақтардың экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күш болуға тиіс. Бірақ көбі коммуналдық мүліктерді басқарумен және аса маңызды емес жобаларды жүзеге асырумен шектеліп отыр. Олардың аймақ экономикасына әсері шамалы.

Үкімет осындай корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыруы керек.

Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек», — деді мемлекет басшысы.

 

Талғат БАЛТАБАЕВ,

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты.

Ad Widget

Recommended For You