![]()
Қасым—Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламентке өту жөніндегі бастамасын толық қолдаймын. Бұл шешім елдегі саяси өзгерістердің уақыты мен даму логикасынан туындағанын атап өткім келеді. Президент тек құрылымдық өзгерістерге ғана емес, тиімділік пен ашықтық басым болатын билік жүйесін мазмұндық тұрғыда жаңартуға ерекше назар аударып отыр.
Мемлекет басшысының бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен, асығыссыз әрі қысымсыз, қоғамның пікірін құрметтей отырып қарағаны – нағыз саяси стильдің айқын көрінісі. Көшбасшы мықтап талап қоймай, керісінше ұсыныс жасап, пікірталас ашып, ойлануға уақыт береді.
Қазақстан жағдайында екі палаталы жүйе кейде процестерді тежеп, артық шығын талап етіп, қоғам күткен нәтижені бермей жатады. Сондықтан бір палаталы Парламент идеясы – көптен жетілген мәселе. Құрылымды жеңілдету заң шығарушы билікті халыққа жақындатып, артық кедергілерді алып тастап, маңызды шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
«Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын.
Түптеп келгенде, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады.
Әрине, заңды сұрақ туындауы мүмкін: Президент Парламенттік реформа жасау қажеттігі туралы неге соншалықты ерте жариялап жатыр, әйтпесе, саяси технологияның қағидасына сәйкес мұндай шаралар тосыннан, күтпеген жерден жасалады емес пе?
Бірақ мен осыған дейін де айттым, тағы да қайталап айтамын: мен еліміздің және халқымыздың тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санаймын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды деп есептеймін.
Осындай тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізу қажет деп сенемін. Сонда ғана бәріміз бір ел болып, Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасаймыз», — деді мемлекет басшысы.
Ең бастысы, соңғы сөз — халықта. Президентіміз атап өткендей, мұндай деңгейдегі реформа тек референдум арқылы жүзеге асуы тиіс. Егер қоғам бұл бастаманы қолдаса, Қазақстан ықшам, мобильді әрі есеп беретін заң шығарушы жүйеге ие болады. Ондай Парламент формалдылық үшін емес, халық мүддесі үшін жұмыс істейді.
Бұхарбай Парманов,
Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы
Қоғамдық кеңес төрағасы.
