Президент Жолдауы-2025: Инновациялық қаржы жүйесі мен киберқауіпсіздік – басты міндет

Loading

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында атап өткендей, киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи, интеллектуалды жүйе құру қажет. Бұл ретте қажеттілігіне қарай тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу және құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру міндеті тұр.

Сондай-ақ Президенттің айтуынша, Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру маңызды. Аталған құрылым жаңа цифрлық қаржы жүйесінде болашағы зор активтерден тұратын стратегиялық крипторезервті жинақтайтын болады.

Мемлекет басшысы жоғары технологиялық салаларға бір миллиард долларға дейін инвестиция тартуға бағытталған арнайы бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмысты Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе атқаруы тиіс.

Бұл ретте Президент: «Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастырған жөн. Цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады.

Қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аудару керек.

Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құрған жөн. Бұл құрылымда жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв жинақталады.

Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екені сөзсіз. Бірақ оның қауіп-қатері де аз емес. Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн.

Киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізген жөн.

Қарқынды өсіп келе жатқан көптеген мемлекетте даму көшінің басында жүретін қалалар инвестициялар мен технологияларды өзіне тартатын полюске айналған», — деді.

Сонымен қатар, Екінші деңгейлі банктердің нақты секторға қаржы салуда белсенділік таныту қажеттігі де айтылды. Бұл мәселе қоғамда бұрыннан қызу талқыланып келеді. Сондықтан аталған жұмысты созбай қолға алу маңызды.

Президенттің Жолдауында атап өтілгендей, Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған мемлекеттермен салыстырғанда орта есеппен бірнеше есе жоғары пайда әкелуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You