Президент Жолдауы-2025: Заңдар бизнестің дамуына кедергі келтірмеуі тиіс

Loading

Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында бірқатар мәселе көтерілді, тағы да тапсырмалар берілді. Солардың ішінде екеуіне тоқталуды жөн көріп отырмын.

«Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн. Жасанды интеллект технологиясы мұны жылдам, әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Қ. Тоқаев бұл Жолдауында.

Елімізде екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісі болса, соның алты пайызға жуығы ғана өнім өндіреді. Бұл – болмашы көрсеткіш екені аз айтылып жүрген жоқ. Сол себепті, «Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады. Заңды күрделендіре бермеу қажет. Қайта оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже үшін жеке жауапкершілігін күшейткен жөн. Мемлекеттік органдар бизнес өкілдеріне ескерту жасаудың орнына, әлі күнге дейін тым қатаң әкімшілік шешімдер қабылдайды деген мәлімет маған да жетіп жатады. Мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды. Міндетті талаптар тізімі бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болуға тиіс.

Қолданыстағы нормалардың Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін қосымша тексеріп, тізімді тезірек қолданысқа енгізу қажет.

Біз азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісінде зор жетістікке жеттік. Бірақ бюрократиялық рәсімдер әлі күнге дейін бизнеске кедергі болып отыр. Цифрландыру ісінің мақсаты әлі орындалған жоқ.

Бұл ахуалды шұғыл түзеу керек. Ең алдымен, салықтық әкімшілендіруге назар аудару қажет.

Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастауға тиіс. Бұл мекеме жасанды интеллектінің және басқа да озық технологияның әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек. Осы жүйелі қадамның бәрі мемлекет пен бизнестің арасындағы қарым-қатынастың мүлдем жаңа, сервистік үлгісін жасауға арналған. Жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс. Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды», – деді Мемлекет басшысы.

Зәуре ОРАЛБАЕВА,

қоғам белсендісі, журналист.

Ad Widget

Recommended For You