![]()
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жасанды интеллект технологиясының ел дамуына тигізер әсерін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы бұл бағытта әлемдік үрдістен қалыс қалмай, Қазақстан да жаңа технологияны күнделікті өмір мен экономикаға кеңінен енгізуі қажет екенін айтты.
Жасанды интеллект тек өндіріс пен білім беру саласында ғана емес, мемлекеттік басқаруда, ауыл шаруашылығында, әлеуметтік қызмет көрсетуде де кең қолданыс табатынын жеткізді. Президенттің айтуынша, бұл технология уақытты үнемдеуге, адам ресурстарын тиімді пайдалануға және шешім қабылдау сапасын арттыруға жол ашады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жасанды интеллекттің ең үлкен пайдасы – денсаулық сақтау саласында көрінеді. Қазіргі таңда әлемде жасанды интеллект рентген, КТ, МРТ нәтижелерін автоматты талдап, ауруды ерте анықтау ісінде кеңінен қолданылып келеді. Бұл әдіс дәрігер жұмысына қолдау көрсетіп қана қоймай, науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жасанды интеллект дәрігерлердің уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі. Қағазбастылық пен мәлімет енгізу сияқты жұмыстарды автоматтандыру арқылы дәрігер пациентке көбірек көңіл бөле алады.
Жасанды интеллект шалғай ауылдағы медицина үшін де үлкен мүмкіндік. Қарапайым емханада отырған дәрігер күрделі жағдайға тап болғанда, жасанды интеллекттің көмегімен дұрыс шешім қабылдай алады. Бұл – ауыл мен қаладағы медициналық қызмет сапасының арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған нақты қадам.
«Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр… Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар.
Бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткеннің арқасында шығынды көбейтпей ұстап тұр.
Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс. Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады», — деді мемлекет басшысы.
Президенттің Жолдауда айтқан бастамасы – денсаулық сақтау жүйесіне тың серпін беретін маңызды міндет. Жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайды, бірақ оған сенімді көмекші бола алады. Білікті маман мен жаңа технологияның үйлесімі қазақстандықтарға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететіні сөзсіз.
Бақытжан ПОЗИЛОВ
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты.
