Президент Жолдауы-2025: Жасыл энергия және транзиттік әлеует – ел дамуының жаңа бағыты

Loading

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлемде транзиттік бағыттар үшін бәсекелестік күшейіп келеді. Арзан балама жолдар мен жаңа бағыттар ұсынылуда. Қазақстан бұл жағдайда алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуы қажет. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға және халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді» -деді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қуат көздерін жан-жақты жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен ауқымды жобалар іске асырылуда. Алдағы бес жыл ішінде қуаты 6,3 гигаватт болатын “жасыл” энергия нысандарын пайдалануға беру жоспарланған.

Бұл туралы мемлекет басшысы: «Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет. Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады.

Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы.

Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша.

Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады.

Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек.

Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.

Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді.

Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек», — деп шегелей айтты.

Бұл бастамалар Қазақстанның орнықты дамуына, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You