![]()
Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстан Еуразияның жетекші транзиттік хабына айналуға ұмтылуда.
Бұл бағытта Мемлекет басшысы автожолдарды жаңғырту, жаңа көлік дәліздерін салу, логистикалық орталықтарды жақсарту, сондай-ақ көлік үдерістерді оңтайландыру бойынша цифрлық шешімдер енгізуге қатысты негізгі тапсырмалар берді. Бүгінгі таңда Үкіметте еліміздегі экономикалық өсу мен халықаралық көлік желісіне ықпалдасуының негізін құрайтын бірқатар іс-шара қабылдануда.
«Жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесін бақылау үшін 2025 жылдың аяғына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылады. Цифрландыруға айрықша көңіл бөлінуде. Электронды билеттер, цифрлық диспетчер қызметі, алдын ала техникалық қызмет көрсету, интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп жатыр», — дейді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Транскаспий бағыты Еуразиялық логистиканың негізгі буынына айналуда: соңғы 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артты
Мемлекет басшысының Жолдауында серіктес елдер – Қытай, Әзірбайжан, Грузия және Түркиямен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТМТМ) дамыту үшін күш-жігер бірлестіру міндеті қойылды. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс айтарлықтай нәтиже беруде.
Серіктестермен бірлесе отырып 2027 жылға дейін «тұйық» жерлерді синхронды жою бойынша жол картасы әзірленді. Оның аясында «Достық–Мойынты» теміржол желісі пайдалануға берілді, Алматы стансасының айналма жолы салынуда, порт инфрақұрылымы жаңғыртылуда: Құрық портының акватория түбі тереңдетілді, қуаттылығы 1 миллион тонна астық терминалыжәне Ақтау портында контейнерлік хаб іске қосылды.
2023 жылы Қазақстан, Әзірбайжан және Грузияның қатысуымен «Middle Corridor Multimodal Ltd» бірлескен кәсіпорнының құрылуы маңызды қадамдардың бірі болды. Компания «бір терезе» қағидаты бойынша кепілдендірілген тарифпен және жеткізу мерзімімен мультимодальды тасымалды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта Қытай теміржолдарының еншілес компаниясы CRCT-ның бірлескен кәсіпорынға қосылуы жоспарланып отыр, тиісті меморандумға 2024 жылдың қарашасында қол қойылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
