
Жыл басында «Ордабасы» футбол клубының демеушілігімен стадиондағы табиғи газон толықтай ауыстырылып, автоматты суару жүйесі орнатылды. Бұл жұмыстарды тәжірибелі компания жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны – 78 миллион теңге, оның ішінде газонды ауыстыруға – 54 миллион теңге, ал суару жүйесіне 24 миллион теңге жұмсалды. Бұған қоса, жүгіру жолақтары халықаралық стандарттарға сай қайта жабдықталып, көк түсті сапалы тартан жабыны төселді. 8 жолақ қарастырылған жаңа алаңды жабдықтау 380 миллион теңгеге түсіп, ол да демеушілердің қолдауымен іске асырылды. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен дәстүрлі брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек тереңірек тоқталды.
Жаңғырту жұмыстары бірнеше бағытты қамтыды. Стадион аумағы толық абаттандырылып, бұрын-соңды ауыстырылмаған газон жаңарды, халықаралық сертификатталған жабыны бар жүгіру жолдары төселді. Сонымен бірге негізгі командаға арналған жаттығу және қалпына келтіру блогы ашылды, бапкерлер мен қосалқы ойыншыларға ыңғайлы орындықтар орнатылды. Көрермендерге арналған орындықтар мен ВИП-кабиналар жаңартылып, жаңа мультимедиялық табло, заманауи LED-экрандар және борттық мониторлар іске қосылды.
Жалпы, жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 149 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, негізгі құрылыс материалдары мен жабдықтар демеушілер есебінен қамтамасыз етілді.
Жаңартылған «Орталық» стадион футбол жанкүйерлеріне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге толық мүмкіндік бермек. Бұл жобалық өзгерістер – Шымкенттегі спортқа қамқорлықтың, жанкүйерлерге құрметтің және болашаққа сенімнің айқын көрінісі.
Еске салайық, Қажымұқан атындағы стадион Шымкент қаласындағы футбол стадионы саналады. Сыйымдылығы — 25000 адам. 1969 жылы салынып бітті. Кеңес кезінде «Октябрдің 50 жылдығы» деп аталды. КСРО чемпионаттарында Шымкенттің «Мелиоратор» клубы өз алаңындағы матчтарын өткізіп жүрді. Кейін «Ордабасы» клубының негізгі аренасы болды. 2007 жылы тұңғыш рет халықаралық жарыс — «Алма-ТВ» турнирі өткізіліп, оған Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан футбол құрамалары қатысты. 2018 жылы стадионға жарықтандырушы бағандар орнатылды. Стадион көлемі жағынан республикадағы үшінші орында тұр. Көптеген басқа стадиондардан айырмашылығы, трибуналар дөңгелек. Қайбір жылдары ішінара қайта жаңғыртылып, пластикалық орындықтар орнатылғаны — есімізде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
