
Шымкент қаласында электр энергиясымен қамтуды арттыруға бағытталған маңызды жоба – «Ақжар» 110/35/10 кВ қосалқы станциясының құрылысы аяқталуға таяды. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылы басталып, бастапқыда 2023 жылы бітуі тиіс еді. Алайда кабель желісінің ұрлануына байланысты жұмыс мерзімі созылып, жоба 2024 жылға өтпелі болып танылды. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Өткен жылы 2 шақырымға жуық 110 кВ кабель желісі ұрланғандықтан, мердігер мекеме «ТПЭП» ЖШС оны өз қаражаты есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Қала әкімі мамыр айында нысанға арнайы барып, құрылыс қарқынын бақылап, жұмыстарды тамызға дейін аяқтауды тапсырған болатын. Дегенмен кабельді дайындау, монтаждау және қосу технологиялық уақытына байланысты нысанды белгіленген мерзімде тапсыру мүмкін болмады. Мердігер компания нысанды қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда қосалқы станциядағы жұмыстар толығымен аяқталып, автотрансформаторларға және кабель жүйесіне қуат беріліп, сынақтан өткізілді. Кабель толық қуаттылықта қосылған. Енді нысанды ресми қабылдау актісі дайындалу үстінде.
Жобаның жалпы құны – 6,5 миллиард теңге. Бүгінге дейін 6,2 миллиард теңге игерілді. Биылға 293,6 миллион теңге қарастырылған. Құрылыстың ресми аяқталу мерзімі – 2025 жылғы 30 қыркүйек.
Бұл жоба іске қосылған жағдайда Шымкенттің жаңа шағын аудандарының электр қуатымен қамтылуы едәуір жақсарып, қаланың энергетикалық инфрақұрылымына тың серпін береді деп күтіліп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
