
Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету – тіл саясатының басты мақсаты. Осы орайда 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында кәсіпкерлік нысандардағы маңдайша мен жарнама, мәзір және бағалар мемлекеттік тілде дұрыс ресімделуі міндеттелген. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек жан-жақты айтып өтті.
Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілу үстінде. Бүгінге дейін 16 мыңнан астам нысан зерделеніп, 2380 кәсіпкерге кемшіліктерді түзету туралы ұсынымдар берілді. Оның ішінде 120 нысан заң талаптарына сәйкес реттелді, қалғандары түзету үстінде. Мәселен, «Мадлен», «Мизам», «Nanduk», «Ankara» сияқты танымал дәмханалардың мәзірлері мен көрнекі ақпараттары мемлекеттік тілде қайта рәсімделді.
Заңға сәйкес, жарнама мен көрнекі ақпарат алдымен қазақ тілінде, кейін қажет жағдайда басқа тілдерде берілуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда кәсіпкерлерге айыппұл салынады: шағын бизнес үшін – 5 АЕК, орта бизнеске – 10 АЕК, ал ірі кәсіпорындарға – 25 АЕК көлемінде.
Тек соңғы айда «Е-Өтініш» порталы арқылы 112 жарнама жобасы келісімге ұсынылып, оның 97-сіне түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Арнайы әдістемелік құралдар дәмханалар мен мейрамханаларға таратылып, «WhatsApp», «2ГИС» және әлеуметтік желілер арқылы да жеткізілді.
Дегенмен қала көшелерінде заңға сай келмейтін жаңа жарнамалар әлі де кездеседі. Сондықтан басқарма жарнама агенттіктеріне және кәсіпкерлерге мемлекеттік тіл талаптарын қатаң сақтауды ескертіп отыр. Бұл шаралар мемлекеттік тілдің беделін арттырып қана қоймай, қала мәдениетін де айшықтай түспек.
Тіл туралы заңнама талаптарына сай кез келген көрнекі ақпарат, оның ішінде жарнама мемлекеттік тілде рәсімделуі тиіс. Ал көрнекіліктің орыс тіліндегі аудармасының болуы міндетті емес. Заңға 2021 жылы енгізілген өзгерістердің талабы осындай. Бұл дегеніміз — кәсіпкер ғимаратының маңдайшасын, яғни атауын, басқа да көрнекі ақпаратын тек қазақ тілінде ғана орналастыруына болады. Бұл жарнамада «визуалды шу» туғызбай, ғимараттың тартымдылығына да кері әсер етпеуіне таптырмас құрал. Сондай-ақ кәсіпкердің артық шығындалмауына да септігін тигізер еді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
