Сәрсенбілік брифинг: Шымкент қаласының шағынаудандарында өрт сөндіру деполары бой көтеріп жатыр

Шымкент қаласының бірқатар шағын аудандарында өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы басталды. Қазіргі таңда Таскен, Елтай және Сәуле шағын аудандарында нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен дәстүрлі брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек айтып өтті.

Жаңа деполар пайдалануға берілген соң мұнда 20-ға жуық қызметкер жұмыс істеп, 2 өрт сөндіру техникасы тұрақты дайындықта тұрады. Сондай-ақ тұрғындарға учаскелік полиция мен медициналық пункт, өрт сөндіру бекеті және жол-патрульдік қызмет те қолжетімді болмақ. Бір қабатты ғимаратта қызметтік кабинеттер, асхана және оқу сыныбы қарастырылған. Нысандардың құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

Осыған қоса, жыл соңына дейін Бозарық пен Жаңаталап шағынаудандарында да осындай деполардың құрылысы басталмақ. Ал 2026 жылы Ынтымақ, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Шымсити және Ақжар шағынаудандары өрт сөндіру бекеттерімен қамтылады.

Қаладағы ауқымды жобалардың бірі – Тұран шағынауданында салынып жатқан 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы. Бұл нысанның құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған, қазіргі таңда жұмыс көлемінің 25%-ы орындалды. Құрылыстың толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.

Жаңа нысандардың іске қосылуы қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жалпы, Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында 436 өрт сөндіру депосы бар. Десекте, ел аумағын толықтай өрт сөндіру қызметімен қамту үшін бұл аздық етеді. Өңірлерге әлі де қосымша 119 депо қажет.

Өткен жылы Астана, Алматы, Шымент қалаларында және Алматы, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстарында 10 өрт сөндіру бөлімшесі құрылды. Жыл басынан бері Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында әмбебап құтқару бөлімшелері ашылды.  Оның ішінде Астанада орналасқан өрт сөндіру депосы жаңа құрылыс үлгісі бойынша, тез тұрғызылатын модульдік технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылған алғашқы жобалардың бірі ретінде ерекшеленеді. Депоның ішінде жұмыс кабинеттері, диспетчерлік, оқу сыныбы, демалыс бөлмесі және ас үй орналасқан. Мұндай нысандарда өрт сөндірушілердің жұмысын алаңсыз атқаруына, дайындық жүргізуіне және тынығуына толықтай қолайлы жағдай жасалған. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You