Сәрсенбілік брифинг: Шымкент шаһарында өзендер мен каналдарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді

Шымкент қаласында су арналары мен өзендердің жай-күйін жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек жан-жақты мағлұмат берді.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өткен жылы Қошқар ата өзенінің «Ордабасы» алаңынан Жангелдин көшесіне дейінгі бөлігінде абаттандыру жұмыстарын жүргізген болатын. Биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, өзеннің Жангелдин көшесінен Интернациональная көшесіне дейінгі аралығында құрылыс жұмыстары атқарылуда. Жоба мердігері – «HYDROLIFE-2050» ЖШС. Жалпы ұзындығы 3,5 шақырым болатын учаскедегі жұмыстарды биылғы желтоқсан айында толық аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, Нұртас шағынауданындағы Кәусар көшесінің бойында су тасқынының алдын алу мақсатында канал салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаның екінші кезеңі толығымен аяқталып, бірінші кезең бойынша ұзындығы 340 метрді құрайтын ирригациялық лоток орнату жұмыстары басталды. Құрылыс бекітілген кестеге сәйкес желтоқсан айына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, 2024 жылы 6 елді мекенде (Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас, Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл) Бадам өзенінің арнасын түзету және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 9 шақырым учаске пайдалануға берілген. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, «HYDROLIFE-2050» ЖШС мердігерлігімен 5,3 шақырым аумақтағы жұмыстардың 70 пайызы орындалды. Құрылыс толық аяқталуы желтоқсан айына жоспарланған.

Аталған жобалар су тасқынының алдын алып, қаланың экологиялық қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You