
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Шымкент қаласында 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. «3-Энергоорталық» АҚ-на бөлінген 743,5 миллион теңгенің 98 пайызы игерілді. Қаладағы 27 қазандықтың — 26-сы, 17 сорғы станциясының 16-сы дайын. Барлық жұмыстар 1 қазанға дейін аяқталмақ.
Ұзындығы 838,6 шақырымды құрайтын жылу желілеріне сынақ жүргізіліп, анықталған 98 ақау толық жөнделді. «Қуатжылуорталық-3» мекемесі 587 задвижканы ауыстырып, 1,9 шақырым құбырды жаңартты. Сондай-ақ құны 3,1 миллиард теңгелік «АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту жұмыстары 70 пайыз орындалды.
Қаладағы 2154 көпқабатты үйдің 99 пайызы және 476 әлеуметтік нысан толық дайындалды. Көмір қажеттілігі 23,3 мың тонна болса, қазіргі таңда 20,1 мың тоннасы жеткізілген. Тұрғындар қажеттілігінің 83 пайызы қамтылды. Қоймаларда 37,8 мың тонна көмір қоры бар, бағасы тоннасына 21 500–22 600 теңге аралығында болып тұр.
Жалпы, жылу қазандықтары мен сорғы станциялары, желілер мен әлеуметтік нысандар қысқы маусымға әзір. Қала әкімдігі алдағы жылыту кезеңін тұрақты өткізуге толық мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Жылу беру маусымы кезінде туындайтын апаттық жағдайларға жедел әрекет ету үшін «Қуатжылуорталық-3» МКК арнайы кезекшілікпен жұмыс жүргізеді. Шымкент қаласында жылу маусымына дайындық – тек техникалық тексеру емес, бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруінің кепілі. Билік тарапынан қолға алынған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қыс мезгіліне дайындық кезең-кезеңімен толық қамтылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
