Сәрсенбілік брифинг: Шымкент шаһарының базарлары жаңарып, сауда инфрақұрылымы мен қала келбеті жаңа деңгейге көтеріліп келеді

Шымкент қаласында сауда саласын заманауи талаптарға бейімдеу және қала келбетін жақсарту бағытында нақты жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда қала аумағында әмбебап және мамандандырылған бағыттағы 19 сауда базары жұмыс істеп тұр. Олардың ішінен 7 нысан арнайы әзірленген Жол картасына сәйкес жаңғырту тізіміне енгізілген. Бұл — мегаполистегі сауда инфрақұрылымын жүйелеуге бағытталған ауқымды өзгерістердің бір бөлігі ғана. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен дәстүрлі сәрсенбілік брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Жаңғыртылып жатқан базарлар қатарында «Авто-Нұр», «Орталық Қырғы базар», «Жабық базар», «Назым апа» сияқты сауда орындары бар.

Мәселен, «Авто-Нұр» базарында ескі ғимараттарды демонтаждау және жаңа павильонның құрылыс жұмыстары 60%-ға орындалған. Дәл осындай қарқын «Орталық Қырғы базарында» да байқалады, онда ішкі әрлеу мен шатыр жабу жұмыстары аяқталып, заңсыз сауда нүктелерінің орнына жаңа павильондар салынуда.

Ал «Назым апа» базарында сауда қатарларын бұзу жұмыстары жүргізілсе, «Жабық базардың» эскиз жобасы мақұлданып, құрылыс қарқын алған.

Қаладағы тағы бір маңызды нысан – «Көктем» базары бойынша да шешім қабылданған. Сот шешіміне сәйкес, базар орналасқан 0,2410 гектар жер телімі мемлекет мұқтажына қайтарылды. Саудагерлер толықтай «Көктем 88» деп аталатын жаңа, үш қабатты сауда орталығына көшірілді. Бұл – кәсіпкерлер үшін де, қала үшін де тиімді шешім: сауда мәдениеті жақсарып, кәсіп жүргізудің жаңа мүмкіндіктері ашылды.

Сауда орындарымен қатар, мегаполистің сәулеттік келбетін арттыру жұмыстары да қарқын алған. Қалада рұқсатсыз орнатылған немесе талапқа сай емес жарнамалық баннерлер алынып, олардың орнына бірыңғай стандартқа сай, көрнекі ақпарат орналастырылуда.

Бұл ретте кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін жаңарту, жарнаманы жүйелеу арқылы Шымкенттің визуалды имиджін арттыру көзделіп отыр.

Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңының 7-бабына сәйкес, заңсыз немесе үлгіге сай емес жарнамалар алынып тасталады. Талапты бұзған кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде – бұл кәсіпкерлердің бизнес тартымдылығын арттыруға жол ашады.

Шымкент қаласының сауда және сыртқы келбетін жаңарту бағытындағы кешенді жұмыстар – бұл жай ғана инфрақұрылымдық өзгеріс емес, бұл — қаланың заманауи, ыңғайлы әрі тартымды орталыққа айналу жолындағы маңызды қадам. Сауда орындарының жаңаруы мен жарнаманы ретке келтіру мегаполистің дамыған, көркем және заңға бағынатын қала ретінде өркендеуінің айқын көрінісі екені сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You