Сәрсенбілік брифинг: Шымкентте алғаш рет спорттық атудан XVI Азия чемпионаты өтпек

2025 жылғы 16–30 тамыз аралығында Шымкент қаласындағы «Shymkent Shooting Plaza» ату кешенінде спорттық атудан XVI Азия чемпионаты өтеді. Алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылып отырған халықаралық жарысқа — сары құрлық додасына Азияның Бахрейн, Вьетнам, Гонконг, Үндістан, Қатар, Қытай, Кувейт, Малайзия, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония сынды 26 елінен 800-ден астам спортшы қатысады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен дәстүрлі сәрсенбілік брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасындағы Азияның таңдаулы мергендері екі апта бойы «Shymkent Shooting Plaza» спорт кешенінде өтетін сайыста барлық дисциплина бойынша (тапанша, винтовка, жылжымалы нысана көздеу, стенд ату) өзара бақ сынайды. Чемпионат Қазақстандық спорттық ату федерациясының ұйымдастыруымен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

Чемпионат екі олимпиадалық спорт түрі бойынша өткізіледі. Аталған бәсеке нысана көздеу және стенд ату бағыттарын қамтиды. Жүлде қоры 700-ден астам медальды құрайды.

Нысана көздеу бағдарламасында спортшылар пневматикалық тапанша (10 метр), тапанша (25 және 50 метр), винтовка (10 және 50 метр), сондай-ақ жылжымалы нысана көздеуден жекелей және командалық сындарда өзара мықтыны анықтайды. Ал стенд атудан трап, скит, скит-микс, трап-микс, дубль сынды дисциплиналар бойынша жекелей және командалық бәсекелер өтеді.

Екі аптаға созылатын дода жасөспірімдер, жастар және ересектер санатындағы мергендерді бір аренада жинап, тәжірибе алмасуға және жоғары деңгейде бақ сынасуға мүмкіндік береді.

Чемпионатқа Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, Азия нысана көздеу қауымдастығының (ASC) президенті шейх Салман әл-Сабах, Араб елдері және Кувейт нысана көздеу федерациясының президенті Дуайч Алотайби, ISSF бас хатшысы Александр Никотра Сент-Джеймс қатысады.

Мемлекет басшысының халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында биыл жыл басынан бері ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық спорт федерацияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Осы уақытқа дейін елімізге Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті, Азия ауыр атлетика федерациясының техникалық комитетінің төрағасы, Халықаралық су спорты федерациясының президенті, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті, Халықаралық күрес федерациясының (UWW) президенті және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар ресми сапармен келді.

Шымкент қаласында өтетін маңызды халықаралық іс-шара спорттық ату саласында Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройын арттырып, бұл спорт түрінің дамуына жаңа серпін берері анық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You