
Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық көлік қызметін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл хақында бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен апта сайынғы дәстүрлі брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жан-жақты тоқталып өтті.
Биыл жыл басынан бері қала аумағында 304 шақырым жолға асфальт төселді. Оның ішінде Абай ауданында – 80,4 шақырым, Тұран ауданында – 60,7 шақырым, Әл-Фараби ауданында – 20,1 шақырым, Қаратау ауданында – 78,5 шақырым, Еңбекші ауданында – 64,3 шақырым. Бұл жұмыстар шалғайдағы елді мекендердің орталықпен байланысын нығайтып, тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетуге елеулі үлес қосуда. Жалпы, ағымдағы жылы қаладағы жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, жаңа №8 автобус бағыты іске қосылды. Бұл бағыт Тоғыс тұрғын алабын қамтып, Мұнайбарлаушылар көшесінен бастап «Көл» аялдамасына дейін қатынайды. Жобаның алғашқы кезеңі пилоттық режимде жүзеге асуда. Кестеге сәйкес жұмыс күндері 5 автобус, ал демалыс күндері 3 автобус қатынайды. Қозғалыс аралығы 28–45 минутты құрайды.
Жаңа бағыттың ашылуы Тоғыс тұрғындары үшін қала орталығына жетуді айтарлықтай жеңілдетіп, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыра түсті.
Тағы бір атап өтерлігі, Шымкент қаласында жолдарды сақтап, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылуда. Жобаға 2024–2025 жылдарға 1,021 миллиард теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде мердігер компания ретінде «QSM Engineering» ЖШС анықталды.
Биыл бөлінген 308,6 миллион теңге есебінен алғашқы үш станцияның құрылысы аяқталып, қазан айынан бастап толық іске қосылады. Олар Шымкент–Сайрам бағытындағы Жібек жолы көшесінде, Бердібек қожа көшесінде және Әмір Темір көшесінде орналасқан.
2026 жылға қарай қалада тағы алты станция салу жоспарланып отыр. Олар Әл-Фараби көшесінде (Ынтымақ және Исфиджаб аумағында), Темірлан тасжолында (Әуежай маңы), Бәйдібек би даңғылында (Бозарықта), А-2 айналма жолында (Ипподром маңы) және Шымкент–Ташкент тас жолында орналаспақ. Жоба құны – 712,6 миллион теңге.
Ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс салмағы жолдардың тез тозуына әкелетінін ескерсек, бұл бастама жолдардың ұзақ мерзімге шыдамдылығын қамтамасыз етіп, заңбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
