Сауран ауданы: Қарашық және Жүйнек ауылдық округтерінің даму қарқыны мен халық ұсыныстары талқыланды

Бүгін әуелі Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның 2025 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндады. Кездесу Қарашық орта мектебінің мәжіліс залында өтті.

Жиын барысында аудан әкімі өңірдегі негізгі салалар — ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім мен денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдап, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Кездесуде Қарашық ауылдық округінің әкімі Сәкен Оразбаев тоғыз айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Округ аумағында жүзеге асқан абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу, ауыл шаруашылығы мен халықты жұмыспен қамту бағытындағы істер жөнінде баяндады.

Шараға аудандық дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау және коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесу соңында аудан әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысы бақылауға алынатынын атап өтіп, тұрғындармен ашық диалог әрі тығыз қарым-қатынасты жалғастыру маңызды екенін жеткізді.

Жүйнектің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қандай?

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері жөнінде баяндама жасады. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар сөз болды.

Аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген ұсыныстар мен мәселелер бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесу аясында Жүйнек ауылдық округінің әкімі Төребай Әбдікәрімов округ аумағында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ол өз баяндамасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, жол жөндеу, көше жарықтандыру, абаттандыру және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша орындалған жұмыстарға тоқталды.

Шараға аудандық бөлім басшылары, құқық қорғау және коммуналдық қызмет өкілдері, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесу соңында аудан әкімі барлық айтылған ұсыныстар мен өтініштер бақылауға алынатынын атап өтіп, тұрғындармен ашық әрі жүйелі диалогты жалғастырудың маңыздылығына назар аударды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You