Сауран ауданы әлеуметтік-экономикалық даму рейтингінде облыста көш бастады

Loading

Түркістан облысы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығын жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен қорытындылады. Қаңтар-маусым айларындағы қысқа мерзімді экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, өңір республика бойынша бірінші орынға шықты. Осы кезеңдегі аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жүргізілген рейтингте Сауран ауданы үздік нәтиже көрсетіп, облыс бойынша І орынға ие болды.

Рейтинг қорытындысы Түркістан облысы әкімінің кеңейтілген алқа отырысында жарияланды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің экономикалық өсім қарқынын сақтау, төмен көрсеткіштерге жол берген аумақтардағы жұмысты жандандыру және белгіленген индикаторларды толық орындау қажеттігін атап өтті.

– Қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша облысымыз бірінші орынға шықты. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Бірақ кейбір аудан, қалалар өздеріне жүктелген индикаторды толық орындай алмады. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімі өзі басқаратын аумақтағы табыс көздерін, қаржылық жағдайын, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін жақсы білуі керек. Сонда ғана негізгі экономикалық көрсеткіштер ұлғаяды, – деді облыс әкімі.

Жалпы, биыл аудан және қала әкімдерінің жұмысын бағалау үшін 111 индикатор бекітіліп, оның 93-і бойынша бірінші жартыжылдықтың қорытындысы шығарылған. Нәтижесінде алғашқы үштікке Сауран, Түлкібас және Қазығұрт аудандары енді. Бұл көрсеткіш Сауран ауданында экономиканың негізгі бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігін аңғартады.

Облыстың жалпы экономикалық көрсеткіштеріне келсек, алты айда өңірде 873,3 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайыздық өсімді көрсетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 423,1 миллиард теңгеге жетіп, өсім 150,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығында 325,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайыз болды.

Инвестиция тарту көрсеткіштері де жоғары деңгейде қалыптасты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 894,6 миллиард теңгеге жетіп, 144,4 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Оның 834,1 миллиард теңгесі, яғни 92,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасты. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 миллиард теңгені, тұрғын үйді пайдалануға беру 474,9 мың шаршы метрді құрады.

Сауран ауданының рейтингтегі көшбасшылығы осы экономикалық өсім үдерісінде жергілікті деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыстың жүйелілігін көрсетеді. Ауданда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағыттарына басымдық беріліп келеді.

“Алдағы кезеңде аудан үшін басты міндет – қол жеткізілген нәтижені сақтап қана қоймай, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қарқынын одан әрі арттыру. Бұл ретте инвестиция тарту, өндірістік әлеуетті күшейту және тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек”, — дейді аудан басшылары.

Сауран ауданының бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша облыста көш бастауы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмысына берілген нақты баға әрі алдағы міндеттерді нәтижелі орындауға жаңа серпін беретін көрсеткіш екені анық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You