Сауран ауданы: Майданталда өнім берген “Әлеуметтік бақша” қоғамдағы әлжуаз топтарға нақты қолдау көрсетуді көздейді

Сауран ауданының Майдантал ауылдық округінде аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Әлеуметтік бақша» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында арнайы бөлінген 0,6 гектар аумаққа картоп пен қызанақ егілген болатын.

Күздің басында алғашқы өнім жиналып, тұрғындар күзгі терімге атсалысты. Жиналған көкөністер ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін таратылды. Бұл шара күнделікті тұрмыстық қажеттілікті өтеуге елеулі көмек болып отыр.

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалана отырып, қоғамдағы әлжуаз топтарға нақты қолдау көрсету. Сонымен қатар, бұл бастама ауыл тұрғындарының бірлігін арттырып, әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған. Аудан әкімдігі жобаны іске асыру арқылы ауыл шаруашылығын тек экономикалық сала ретінде емес, әлеуметтік қолдау құралы ретінде де пайдалануға болатынын көрсетуде.

«Әлеуметтік бақша» жобасы алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы тәжірибе ауданның басқа ауылдық округтерінде де кезең-кезеңімен енгізіледі», — дейді жауаптылар.

Бұл жоба бойынша Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов: «Әлеуметтік бақша» жобасы биыл алғаш рет жүзеге асырылды. Алғашқы нәтиже жаман емес – тұрғындар өнімін жинап, оны мұқтаж жандарға жеткізуге мүмкіндік алуда. Алдағы уақытта егіс алқабының көлемін арттырып, көкөніс түрлерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл ауыл тұрғындарына да, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға да үлкен көмек болатынына сенімдімін», — деп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You