
Бүгін Шаға ауылдық округінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен халықпен есеп беру кездесуі өтті. Кездесуге ауылдық округ әкімі Ырысқали Жұманов пен аудандық бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау және коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елдің барлық деңгейдегі әкімдері халық алдында есеп беруі атқарушы биліктің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін атап өтті.
Аудан әкімі өз сөзінде Сауран ауданының 2025 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым, жол жөндеу, абаттандыру және әлеуметтік саладағы жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады. Сонымен қатар, алдағы кезеңде атқарылатын негізгі міндеттер мен жоспарлармен бөлісті.
Шаға ауылдық округінің әкімі Ырысқали Жұманов округтің 2025 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша есебін ұсынды. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауылдың өзекті мәселелері — жол, ауызсу, жайылым мен инфрақұрылым жағдайы туралы сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар айтылды. Әкімдер мен жауапты сала басшылары әрбір сұраққа түсініктеме беріп, көтерілген мәселелер бақылауға алынатынын жеткізді.
Шағада «Қауіпсіз жол – тыныш өмір» акциясы ұйымдастырылды
Бұдан бөлек бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың қатысуымен Шаға ауылдық округінде «Қауіпсіз жол — тыныш өмір» атты жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы акция өтті. Іс-шара аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Акцияның мақсаты — жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін арттыру, жол апаттарының алдын алу және тұрғындардың, әсіресе, жастардың құқықтық сауаттылығын көтеру. Кездесу барысында полиция қызметкерлері жиналған тұрғындар мен жастарға жолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жиі кездесетін заңбұзушылық түрлеріне тоқталды. Сонымен қатар, профилактикалық жадынамалар таратылып, қауіпсіз қозғалыстың маңызы жөнінде ақпарат берілді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде жол қауіпсіздігі – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. «Қауіпсіз жол – тыныш өмірдің кепілі. Әрбір тұрғын өз және өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауы керек. Қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы ғана апаттардың алдын аламыз», – деді аудан басшысы.
Үшқайықта атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттары айтылды
Мұнан өзге бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесіп, ауданның 2025 жылдың 9 айындағы даму қорытындыларымен бөлісті.
Жиында аудан басшысы өңірде атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталып, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы оң өзгерістерді атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді тыңдап, шешу жолдары бойынша нақты ұсыныстар берді.
«Ауыл халқының тұрмысын жақсарту — біздің басты міндетіміз. Әр кездесудің мақсаты — халықтың пікірін естіп, мәселені бірлесе шешу», — деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Кездесуде Үшқайық ауылдық округінің әкімі Болат Сенбеков те сөз алып, 2025 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша есеп берді. Ол ауылда жүзеге асқан жобалар, инженерлік инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығындағы жұмыстар жөнінде баяндап өтті. Тұрғындар жол, су және әлеуметтік нысандардың жұмысына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әкімдер мен жауапты бөлім басшылары барлық сұрақтарға түсініктеме беріп, көтерілген мәселелерді бақылауға алатынын айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
