
Сауран ауданының Жаңа Иқан ауылдық округінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың және ауылдық округ әкімі Тахир Абдаевтың халық алдындағы есеп беру кездесуі өтті.
Кездесуге аудандық дербес бөлімдердің басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері, денсаулық сақтау, білім және коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің жетекшілері, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров 2025 жылдың 9 айындағы Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша өз есебін ұсынып, аудан көлемінде жүзеге асқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері — биліктің халыққа жақын болуын қамтамасыз ететін маңызды институт». Сондықтан әрбір ұсыныс пен сын-ескертпе нақты іс-шаралар жоспарына енгізіліп, орындалуы тиіс», — деді.
Келесі кезекте Жаңа Иқан ауылдық округінің әкімі Тахир Абдаев 2025 жылдың 9 айындағы ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша өз есебін баяндады. Әкім ауылдағы әлеуметтік нысандардың жағдайы, инженерлік инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныстары мен өтініштерін білдіріп, ауылдағы өзекті мәселелерді көтерді. Тиісті бөлім басшылары мен мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Жиын соңында аудан әкімі тұрғындардың белсенділігі мен елді дамытуға бағытталған пікірлері үшін алғысын білдіріп, барлық айтылған мәселелер бақылауға алынатынын атап өтті.
Ескі Иқанда әкімдер халық алдында есеп берді
Бұдан бөлек бүгін Ескі Иқан ауылдық округінде де аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен ауылдық округ әкімі Дилшод Саитовтың тұрғындармен есепті кездесуі өтті. Кездесуге аудандық бөлім басшылары, құқық қорғау және коммуналдық сала өкілдері, медицина және білім беру мекемелерінің жетекшілері, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында алдымен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сөз алып, 2025 жылдың 9 айындағы Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін баяндады.
Мақсат Асылбекұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықпен ашық диалог орнату жөніндегі тапсырмасына назар аударып, есепті кездесулердің билік пен қоғам арасындағы сенімді арттырудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ тұрғындар көтерген әрбір мәселе мен ұсыныстың ескерусіз қалмайтынын айтты.
Келесі сөз кезегі округ басшысы Дилшод Саитовқа берілді. Ескі Иқан ауылдық округінде әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Елді мекенде ауыз су жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда 42 шақырым су құбыры тартылған. Сонымен қатар, екінші кезең бойынша да ауыз су желісін жүргізу жұмыстары жалғасуда.
Электр желілерін толықтай жаңарту және ескі бағаналарды ауыстыруға арналған жобалық құжаттар дайындалған. Табиғи газбен қамтылмаған тұрғын үйлерді қосу мақсатында тиісті жобалар әзірленіп жатыр.
Кездесуде тұрғындар өз ой-пікірін білдіріп, ауылды көркейту мен өмір сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар айтты. Жиын соңында аудан әкімі барлық сұрақтар мен ұсыныстардың назарға алынатынын, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілгенін жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
