Сауран ауданында Құтқарушылар күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды

Сауран ауданында 19 қазан — Құтқарушылар күніне орай салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Шара Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің акт залында ұйымдастырылып, оған аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, төтенше жағдайлар қызметінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталып, «Құтқарушы – қаһарман мамандық» атты бейнеролик көрсетілді. Салтанатты жиында сөз алған Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров құтқарушылардың еңбегін ерекше атап өтіп, жылы лебізін білдірді.

– Құтқарушылар – адам өмірі мен ел қауіпсіздігін қорғауда алдыңғы шепте жүретін батыр жандар. Сіздердің әрбір күніңіз – ерлік пен жауапкершіліктің үлгісі. Қиын сәтте қорықпай, халыққа көмек қолын созу – үлкен жүректілікті қажет етеді.

Еліміздің төтенше жағдайлар қызметі 30 жыл ішінде кәсіби біліктілігімен, батылдығымен танылып, халықтың сеніміне ие болды. Сауран ауданы әкімдігі атынан баршаңызға зор денсаулық, отбасыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін.

Құрметті төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері мен ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Құтқарушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке — ерлік, батылдық пен өз ісіне адалдықты дәріптейтін ерекше күн.

Сауран ауданының төтенше жағдайлар бөлімі өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде зор үлес қосып келеді. Сіздер адам өмірі мен ел мүлкін қорғауда күнделікті тәуекелге барып, азаматтық қорғау жүйесінің алдыңғы шебінде қызмет атқарудасыздар.

Қызметкерлердің кәсібилігі мен ерлігі Арыс қаласындағы жарылыс, «Сардоба» су қоймасының апаты және аудан аумағындағы ірі өрттер кезінде айқын көрінді. Қиын сәттерде ел сенімін ақтап, өз борыштарыңызды абыроймен атқардыңыздар.

Биыл аудан бойынша өрт сөндіру бөлімдері 200-ден астам шақыртуға шықты. Нәтижесінде адам шығынына жол берілмей, көптеген төтенше жағдайлардың алдын алынды.

Құрметті құтқарушылар!

Сіздердің табандылықтарыңыз бен ерліктеріңіз қоғам алдында зор құрметке ие. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! – деді аудан әкімі өз құттықтауында.

Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев пен «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков те сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдіріп, бірқатар сала қызметкерлеріне алғыс хаттар мен марапаттар табыстады.

Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Мектеп оқушылары «Тәуелсіз Қазақстан» әнін орындап, «Айтұмар» би ансамблі қазақтың ұлттық биін биледі. Сондай-ақ, өнерпаздар «Туған жер», «Түркістан» және «Қазақстан» әндерін орындап, шараның сәнін келтірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You