
Сауран ауданында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен “Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант” өткізілді.
Іс-шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай мен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков және аудан прокуратурасының аға прокуроры Нұрлыбек Темірбаев қатысып, баяндама жасады. Жиынға білім беру ұйымдарының басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Іс-шара барысында қатысушыларға халықтың қаржылық сауаттылығы мен мәдениетін арттыруға бағытталған қаржы пирамидалары мен алаяқтардың тұзағына түспеу жолдары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және құқықтық-қаржылық мәдениетті қалыптастыру мақсатында республикалық деңгейде диктант өткізілді. Диктантқа мектеп оқушылары мен колледж студенттері, педагогтар, мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері, қаржы саласының мамандары, сондай-ақ қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін кез келген азамат қатыса алады.
Қатысушылар онлайн платформада тіркеліп, 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап береді. 16 және одан көп дұрыс жауап берген азаматтар цифрлық дипломмен марапатталса, қалғандары арнайы сертификатқа ие болады. Сонымен қатар, ең жоғары нәтиже көрсеткен алғашқы 10 қатысушы бағалы сыйлықтарға қол жеткізеді. Аталған жоба азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, өз құқықтарын қорғауға және заңды қаржы құралдарын тиімді пайдалануға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
