
Сауран ауданында мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыруды іске асыру мәселелері талқыланған жиын өтті. Шара басқармалар үйінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ұйымдастырылды.
Жиынға Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы, полковник Дилмурат Нұржанов, ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандар, ішкі саясат бөлімі мен жастар орталығының басшысы, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Басқосу барысында жастардың әскерге баруға деген қызығушылығын арттыру, патриоттық тәрбиені күшейту және әскерге шақыру науқанының тиімділігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды.
Полковник Дилмурат Нұржанов өз баяндамасында әскерге шақыру жоспарының орындалу барысына тоқталып, ауылдық округтердегі жұмыс қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті. Ал аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру тек әскерге шақыру комиссияларының емес, жалпы қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
— Біз жастарға әскери қызметтің мәнін түсіндіруде жүйелі әрі нақты жұмыс жүргізуіміз қажет. Әскер – тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі. Әрбір жас үшін Отан алдындағы борышын өтеу — азаматтық міндет әрі ерлікке бастайтын жол, — деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан басшысы жауапты бөлімдерге және ауылдық округ әкімдеріне күзгі әскерге шақыру жоспарын толық орындауды, түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Жиын қорытындысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндамалар назарға алынып, тиісті тапсырмалар хаттамаға енгізілді.
Еске салайық, биыл 2 қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. «Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 2 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде қалалық және аудандық шақыру комиссиялары өз жұмысын бастады. Осы кезеңде 18 бен 27 жас аралығындағы шамамен 22 мың жас қазақстандық Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдардың қатарына қосылады», – дейді Қорғаныс министрлігінің жауаптылары.
22 мың жас азамат мынадай құрылымдарда өз борыштарын өтейді:
Қарулы күштерге – 10 мыңнан астам;
Ұлттық ұланға – 7 мыңнан астам;
ҰҚК Шекара қызметіне – 2 мыңнан астам;
Төтенше жағдайлар министрлігіне – 300-ден астам;
Мемлекеттік күзет қызметіне шамамен 300 сарбаз қабылданады.
Биыл әскерге шақыру рәсімі халық үшін барынша ашық әрі ыңғайлы форматта ұйымдастырылған. Шақырылушыларға жеке шақырулар және 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарламалар жолданады. Сонымен қатар Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің электронды поштасы мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы азаматтар қажетті ақпаратты жылдам әрі ашық ала алады.
Мерзімді әскери қызметтің артықшылықтары мен соңғы жылдары енгізілген жаңашылдықтарға да тоқтала кетейік.
- Несие каникулы: Мерзімді әскери қызметшілер қарыздарын өтеуді кейінге шегеру мүмкіндігін алды. Бұл әскерде жүрген жастарға әлеуметтік және қаржылық тұрғыдан жеңілдік жасайды.
- Жоғары білім алу: Қорғаныс министрлігі елдің 80-ге жуық жоғары оқу орнымен келісім жасап, адал қызметін атқарған мерзімді сарбаздарға 3 мың тегін білім грантын бөлді. Үздік әскери қызметшілер оқу ақысын төлемей-ақ университетке түсе алады.
- Цифрландыру: Әскери есепке алу толықтай электронды форматқа көшірілді. Азаматтар енді egov.kz порталы арқылы әскерге шақырудан босату немесе кейінге қалдыру қызметтерін қағаз құжатсыз рәсімдей алады.
Жалпы, әскери қызмет – бұл тек міндет қана емес, азаматтық борыш. Мерзімді әскери қызметтен заңсыз жалтарғандар үшін заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
