Сауран ауданында «Адал азамат» жобасы аясында ақпараттық-насихаттық шара ұйымдастырылды

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» жобасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облыстық прокуратурасы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп, өңірлерде ақпараттық-насихаттық кездесулер өткізіп жүр. Осы шара аясында бүгін Сауран ауданының Шорнақ ауылында ақпараттық-насихаттық топ мүшелері жергілікті тұрғындармен, жастармен және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті.

Кездесуге Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова мен облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, аудан прокуратурасының аға прокуроры Нұрлыбек Темірбаев, сондай-ақ аудандық білім бөлімінің өкілі Нұрсұлтан Сәрсенов қатысты.

Жиын барысында қоғамдағы заң мен тәртіптің маңыздылығы, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері туралы ақпарат берілді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Марат Қалеке жүргізіп, қатысушыларға кездесудің мақсаты мен маңызын атап өтті. Шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.

Адал азамат ұғымы — еліміздің саяси-әлеуметтік даму жүйесінде ерекше маңызға ие болып келе жатқан ұғымның бірі де бірегейі. «Адал азамат» ұғымы тарихи-әлеуметтік категория ретінде қоғамның бет бейнесін айқындап ғана қоймай, сонымен қатар мазмұнын жаңартып, бүгінгі қазақстандық адам болмысына байланысты жаңа өзгерістерді қалыптастыра алатын мүмкіндікке ие. «Адал азамат» ұғымының аты айтып тұрғандай, мұнда «адал» және «азамат» ұғымдары біріктірілген категориялар ретінде алынып отыр.
Шындап келгенде, бұлардың әрқайсысы — жеке ұғым ретінде әлеуметтік салмағы басым, сонымен қатар заңдық-құқықтық аспектілері мен сипаты бар тұжырымдық тұғырлар. Себебі азаматтық та, адалдық та қоғамның, әлеуметтік ортаның маңызды белгісі ретінде мемлекеттік құндылықтарды қалыптастырушы және айқындаушы күшке ие.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» концепциясын қоғамға ұсыну арқылы адалдық пен азаматтық категорияларын халықтың санасына жақындатуға баса мән беріп отыр. Өйткені, адал азамат идеясы мен тұжырымы арқылы халықтың бойында отаншылдық көзқарас, әділдік принциптері орнығып, «Адал азамат» жеке категория ретінде әлеуметтік өмірдегі көптеген дүниелерге нақты өлшем бола бастайды. Қоғамда болып жатқан кез келген процестерді «Адал азамат» категориясы арқылы түсініп, бағалау жалпы адалдық принциптерінің әлеуетін күшейтіп, қолданыс көкжиегін де кеңейте түседі. Сондықтан адал азамат ұғымы ең біріншіден жеке дара категория ретінде және теориялық мазмұны терең тұжырым ретінде әлеуметтік өмірдің практикалық мәніне айналып, уақыт өткен сайын өз дәрежесінде пайдаға асады. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You