
Сауран ауданында дәстүрлі «Алтын күз – 2025» ауыл шаруашылығы мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шара аудан орталығындағы әлеуметтік сауда орталығы алаңында өтіп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ауданның 12 ауылдық округі қатысып, табиғи әрі сапалы өнімдерін ұсынды. Сауда сөрелерінде ет, сүт, бал, көкөніс, жеміс-жидек, бақша өнімдері мен тұрмыстық тағам түрлері тұрғындарға арзандатылған бағамен саудаланды.
Мереке барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жиналған қауымды «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» мерекесімен құттықтап, салада үздік еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыс етті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар еңбеккерлерге арнайы «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды.
Аудан әкімі өз сөзінде ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін жоғары бағалап, ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы маңыздылығын ерекше атап өтті. — «Жердің ырысы мен елдің бірлігі – біздің басты байлығымыз. Сауранның еңбекқор шаруаларының маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында ауданымыздың әлеуеті жыл санап артып келеді», — деді аудан басшысы.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Көрермендер ұлттық әндер мен билерді тамашалап, аудан диқандарының жетістіктерін қуана атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
