![]()
Жазғы демалыс – балалар асыға күтетін мезгіл. Алайда аптап ыстықта су айдындарына баратын оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажет. Осыған байланысты Сауран ауданында балалардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
Иассы ауылдық округінде орналасқан «Өзен» демалыс орнында мектеп оқушыларына суда жүзу бойынша арнайы сабақ ұйымдастырылды. Іс-шараға Сауран ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері және демалыс орны бассейнінің мамандары қатысты. Сабақ барысында оқушыларға судағы қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндірілді. Балаларға суда өзін дұрыс ұстау, төтенше жағдай кезінде сақтық шараларын қолдану және қауіптің алдын алу жолдары айтылды. Сонымен бірге жүзудің бастапқы дағдыларын меңгеруге арналған практикалық жаттығулар өткізілді. Бассейн мамандарының жетекшілігімен оқушылар жүзудің қарапайым тәсілдерін тәжірибе жүзінде орындап, судағы қауіпсіздік талаптарын іс жүзінде бекітті.
Мұндай сабақтардың маңызы – баланың қауіпсіздік ережесін тек естіп қана қоймай, оны тәжірибе арқылы түсінуінде. Әсіресе, суда өзін қалай ұстау керектігін ерте жастан меңгеру төтенше жағдайдың алдын алуға септігін тигізеді.
Мамандардың айтуынша, судағы қайғылы жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – қауіпсіздік талаптарын елемеу және жүзе алмау. Сондықтан балаларға су айдындарына барғанда абай болу, белгіленбеген жерлерде шомылмау және қауіпті жағдайда өз бетінше әрекет жасамау қажеттігі түсіндірілді. Бұл ретте ата-аналардың жауапкершілігі де айрықша. Баланы суға жақын жерде қараусыз қалдырмау, тек арнайы жабдықталған орындарда шомылдыру және қауіпсіздік талаптарын үнемі ескертіп отыру – қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты шарттарының бірі.
Сауран ауданында ұйымдастырылған жүзу сабағы балалардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізуге бағытталған маңызды профилактикалық шаралардың бірі болды. Қауіпсіздік ережесін білу және оны күнделікті сақтай білу – әр баланың өмірін қорғауға жасалған маңызды қадам.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
