![]()
Салық түсімдерінің уақытылы әрі толық түсуі – жергілікті бюджеттің тұрақты қалыптасуының маңызды тетіктерінің бірі. Осыған байланысты Сауран ауданында көлік құралдары салығы бойынша қалыптасқан берешектерді өтеуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Кезекті бірлескен іс-шара Ескі Иқан және Шаға ауылдық округтерінде ұйымдастырылды. Оған полиция қызметкерлері мен мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары қатысып, көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтарды анықтау және оларға заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесулер барысында тұрғындарға көлік салығын белгіленген мерзімде төлеудің маңызы түсіндірілді. Берешегі бар азаматтарға қарызды ерікті түрде өтеу қажеттігі ескертіліп, салық міндеттемесін уақытында орындамаған жағдайда туындайтын құқықтық салдарлар айтылды.
Салық – мемлекет пен азамат арасындағы қаржылық міндеттемені ғана емес, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ортақ жауапкершілікті де білдіреді. Сондықтан көлік иелерінің салықты уақытылы төлеуі аудан бюджетінің кіріс бөлігін толықтыруға және жергілікті маңызы бар жұмыстарды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Мамандардың түсіндіруінше, берешек белгіленген тәртіппен өтелмеген жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар заңда көзделген тиісті шектеу шаралары да қарастырылған. Сондықтан қарызды кейінге қалдырмай, ерікті түрде өтеу азамат үшін де тиімді.
Алдағы уақытта көлік салығы бойынша берешекті өндіру және түсіндіру жұмыстары Сауран ауданының өзге де ауылдық округтерінде жалғасады. Бұл ретте мамандар тұрғындарға өздерінің салық міндеттемелерін алдын ала тексеріп, анықталған берешекті уақытылы өтеуге кеңес береді.
Көлік салығын уақытында төлеу – заң талаптарын орындаудың ғана емес, ауданның тұрақты дамуына үлес қосудың да бір көрінісі. Сондықтан тұрғындардың салық міндеттемесіне жауапкершілікпен қарауы ортақ іске оң әсерін тигізеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
